Табиғи газды қауіпсіз пайдалану: ескерту шаралары мен сақтық талаптары


Жылыту маусымы басталғаннан бері Қазақстанда газды пайдаланумен байланысты қайғылы оқиғалардың саны артты. Газ жұмысшылары жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
QazaqGaz Aimaq АҚ төтенше жағдайлар санының өсуі туралы ескертеді. Мәселен, жылыту маусымы басталғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін тұрмыстық газды пайдалану кезінде 76 жазатайым оқиға тіркелді. Нәтижесінде 182 адам зардап шекті, оның 72-сі өліммен аяқталды.
«Газ қызметкерлері анықтаған нәрсе орын алған қайғылы жағдайлар, негізінен, газ тұтыну жабдықтарын пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болады. Оған себеп – зардап шеккендердің жылыту құралдарын пайдалануға немқұрайлы қарауы, оларды өз бетінше қосуы, құрастыруы немесе орнын ауыстыруы, қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдалануы, тамақ дайындауға арналған газ жабдығымен үй-жайларды жылытуы, техникалық қызмет көрсетуді орындамауы, мұржаның түтін тартуын тексермеуі», - делінген хабарламада.
Ауа желдетілуі жеткілікті қамтамасыз етілмеген үй-жайда, терезелер, желдету арналары жабық кезде, кірпіш, сылақ тығыздығы бұзылған кезде газ аспаптарын пайдалану нәтижесінде газ түтіні сыртқа шықпай, үй-жайда улы газ жиналады.
Сондықтан мұржа мен желдету арналарының дұрыс жұмыс істеуі – сіздің қауіпсіздігіңіз бен денсаулығыңыздың кепілі, өйткені улы газбен уланудың ең көп оқиғасы мұржаның тұтастығы бұзылғандықтан немесе түтіннің тартпауынан туындайды.
Есіңізде болсын! Жұмыс істеп тұрған газ аспаптарын қауіпсіз пайдалануға және желдету арналары мен түтін мұржаларының жарамды жай-күйіне үй иелері жауапты.
Мұржаның тұтастығын, оның бітелмеуін және түтіннің тартылуын үнемі тексеріп отыру қажет. Қыс мезгілінде далада тұрған мұржаға мұз қатуы мүмкін, сондықтан оның мұзбен бітелмеуін үнемі тексеріп, мұржа қақпағын ашып, мұздан тазарту керек.
Газ тұтыну жабдығын пайдалану кезінде улы газ тарағанда газ беруді өшіру автоматикасы бар дабылқаққыш сигнализаторларды орнатқаныңыз жөн.
Есіңізде болсын! Газ – оны дұрыс пайдаланбаған кезде ғана қауіпті. Қарапайым ережелерді сақтау Сіздің және сіздің отбасыңыздың амандығының кепілі.



