Су саласындағы 7 мыңға жуық жұмысшының еңбекақысы өсті
Жыл басынан су саласындағы 7 мыңға жуық жұмысшының еңбекақысы өсті, деп хабарлады Elorda.info.
Су ресурстары және ирригация министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, 1 қаңтардан еңбекақысы тариф есебінен төленетін «Қазсушар» мамандарының айлығы орта есеппен 25%-ға көтерілді. Ал 1 мамырдан еңбекақысы республикалық бюджеттен төленетін бірқатар мамандардың айлығы 25%-ға ұлғайды.
Су саласы қызметкерлерінің еңбекақысын ұлғайту бағытындағы жұмыс одан әрі жалғасады. Бұл бір күндік іс-шара емес және су шаруашылығы мамандықтарының тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл біз үшін өте маңызды, - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Еске сала кетейік, 9 шілдеде елімізде су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күні аталып өтті. Кәсіби мерекеде су саласының 323 қызметкері мен ардагері марапатталды.