Әскери қызметші ақындар байқауында жүлдегер атанды


Жазушы Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына орай өткізілген «Жүрегі жырдан жаралған» атты облыстық жазба ақындар байқауында 6654 әскери бөлімінің ефрейторы Бағдат Андиров жеңімпаз атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери оркестрдің аға маманы (аға музыканты) ретінде елге қызмет етіп жүрген жауынгер шығармашылық жолдан да кенде емес екенін дәлелдеді. Ол байқауда тың туындыларын ұсынып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Сондай-ақ оған 40 000 теңге көлеміндегі қаржылай марапат сертификат табысталды.
«Бұл байқауға қатысу мен үшін үлкен мәртебе болды. Тұманбай ақын – нәзік те сыршыл поэзияның шебері. Оның жырларынан шабыт алып, өз ойымды өлеңге арқау еттім. Әскер қатарында жүріп те өнерден қол үзбеуге болатынын дәлелдегім келді. Менің осы жетістігім – жеке емес, ұжымдық жеңіс. Шығармашылығыма қолдау көрсеткен бөлім басшылығына және жетекшіме алғысым шексіз», – деді ол.
Айта кетейік, ефрейтор Бағдат Андиров – 6654 әскери бөлімінің белсенді әрі өнерлі қызметкері. Әскери оркестрде ойнай жүріп, қазақ тілінің дамуына, әдебиет пен мәдениеттің өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді.