«Әскери дәрігер болған»: Шетелдегі қақтығысқа қатысқан атыраулық 5 жылға сотталды

Атырау қаласының №2 сотында шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қалалық соттың мәліметінше, Атырау қаласының тұрғыны 2024 жылдың наурыз айының соңында Мәскеуге келіп, Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен ерікті түрде әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан.
«Қысқа мерзімді оқудан және киім-кешек алғаннан кейін, танк полкінің құрамында әскери дәрігер ретінде Донецк облысында қарулы қақтығыстарға заңсыз қатысқан. 2024 жылдың желтоқсанында қарулы қақтығыс барысында жарылғыш құрылғы жарылып, сынық жарақатын алып, әскери госпитальге жатқызылған»,- делінген хабарламада.
Сот жаза кесу кезінде асырауында жас балаларының болуын және шын жүректен өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Осылайша оны 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.



