Шымкентте берілгеніне екі жыл болған кешенде құбырлар жарылып жатыр
Шымкентте ипотекаға пәтер алған тұрғындар енді сол баспанасынан безіп жатыр. Себебі берілгеніне екі жыл ғана болған «Әдия-2» тұрғын үй кешеніндегі құбырлар жарылып, электр желілерінен жиі өрт шығады. Бұл туралы Elordainfo.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлады.
Соның салдарынан тұрмыстық техникалар күйіп, жертөле судан құрғамайды дейді тұрғындар. Ыстық су мен жарығы әлі коммуналдық мекемелердің балансына берілмегендіктен, мердігер су мен жарықты қалаған уақытында өшіріп тастайтын көрінеді.
«Әдия-2» деп аталатын 30 көпқабатты үйден екі жыл бұрын ғана ипотекаға үй алғандар енді бармағын тістеп отыр. Себебі: бірінші мәрте ыстық су берілгенде пластик құбырлар езіліп кеткен. Оны ауыстырамыз деген мердігер сол күйі төбе көрсетпепті.
«Бізде жоғарыдан келетін кәріз құбырында мына жерден су тамшылап тұрады. Міне, астына ыдыс қойдым, сантехникті бірнеше рет шақырдым, ол қолмен бұрап кетті. «Алдағы уақытта ауыстырады» деп кетті, ешкім ауыстырған жоқ. Күнде су төгіп отырмын»,- деді Ұлман Әлімова.
Екі жыл бұрын пайдалануға берілген тұрғын үй кешенінің ыстық суы мен электр жүйесі әлі комуналдық мекемелерге өтпепті. Сондықтан, мердігер жарық пен суды қалаған уақытында өшіре салады дейді тұрғындар. Есептеуіш құралдар болмаған соң тарифті де аспандатып жіберген.
«Бір подъезде 20 үй тұратын болса бір кісі төлемесе 19-мыз сусыз, светсіз отырамыз. Аптасына 3 рет өшіреді, әшейін өшіріледі, иә. Күні кеше берілді, оған дейін 2 апта біз сусыз отырдық. Аристон қосатын болсақ бізге айыппұл келеді»,- дейді Әйгерім Қошатаева.
«Электр сымдары жиі тұйықталады» деген тұрғындардың күйген тұрмыс техникалары жертөленің құрғақ бөлігінде үйіліп жатыр. Ал қалған бөлігінің судан құрғағанын көрмедік дейді. Құбырлар жарылып, су басқанын айта берген соң, жұмысшылар құбырды жай ғана құммен көміп жасырады екен.
«Құбырды құммен толтырып кетеді, міне. Астында құбыр жатыр. Ал бұның бәрі ертең қанша уақытқа дейін жатады. Неге бұның шешімі табылмайды? Шешімін таба алмағаны соншалық, бізді ақымақ қып, міне, бәрін жауып-жауып кеткен. Міне, балалардың аяқ киіміне дейін қалып кетіп жатыр. Шешімін тапсын!».
Ал мердігер тұрғындармен талай мәрте кездестік дейді. Сөйтіп шағымданушылар қойған 12 талаптың «11-ін қанағаттандырдық» деп отыр. «Жұрттың басым көлігі баспанасына риза» деген мердігер тұрғындардың кейбірі «әдейі шу шығарып жүр» деп ақталды.
«Кәріз құбырларын жүздігінен 150-лікке ауыстырдық. Бетіне құм себілген, себебі құбыр құмның бетінде жатсын, салбырап кетпесін, ауада тұрмасын деп, сол мақсатта жасалынған», -деді «Алтын Лэнд» компаниясы директорының орынбасары Құттықыз Бекназарова.
Дегенмен мердігер тұрғындардың шағымынан соң, айтылған арыздар бойынша «тағы бір тексереміз» деп отыр. Ал электр жүйесі мен ыстық су жуық арада комуналдық мекемелерге беріледі деп сендірді.