ШҚО-да қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік нысандар салынып жатыр

26 маусым, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
ШҚО-да қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік нысандар салынып жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Президенттің қоғам игілігі үшін активтерді қайтару және оларды одан әрі пайдалану жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитет қайтарылған қаражатты заңды экономикалық айналымға ашық әрі тиімді тарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі еліміз бойынша 333 әлеуметтік нысанның құрылысын мақұлдады. Бұл бастама өңірлерді дамыту мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында да прокурорлардың бастамасымен қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау және коммуналдық инфрақұрылым салаларында жеті әлеуметтік нысанды салу және жаңғырту жоспарланып отыр.

Әсіресе, ауызсумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта Ұлан ауданының Асубұлақ, Бозанбай және Отрадное елді мекендерінде су құбыры желілерін салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде 1 073 үй (шамамен 3 679 адам) және 30 әлеуметтік және қоғамдық нысан сапалы ауызсумен қамтылады, - делінген Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының хабарламасында.

Атқарылып жатқан шаралар ауыл тұрғындарын таза ауызсумен тұрақты қамтуды, санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартуды және елді мекендердегі өмір сүру деңгейін арттыруды мақсат етеді.

Әлеуметтік нысандар құрылысының барысы Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында.