00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Сапарбай Жобаев: Экономикалық тәуелділік – саяси тәуелділіктің баспалдағы

19 қыркүйек, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Сапарбай Жобаев: Экономикалық тәуелділік – саяси тәуелділіктің баспалдағы
Фото: жасанды интеллект

Elordainfo.kz тілшісі экономист-сарапшы Сапарбай Жобаевпен атом энергетикасының экономикалық тиімділігі туралы сөйлесті.

– Экономист ретінде АЭС-тің тиімділігін қалай бағалайсыз? Сарапшылар арасында қымбат жоба дейтіндер бар. Сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Біз дамушы мемлекетпіз. БҰҰ әдісі бойынша Қазақстанның ЖІӨ көлемі 250 миллиард долларды құрайды. Халық саны 20 миллион. Жан басына шаққанда 12-13 мың доллармен бағаланады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «2029 жылға дейін ішкі өнімді екі есеге өсіру керек» деп Үкіметке нақты тапсырма берді.

2010 жылдары «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Бұл бойынша жан басына шаққандағы табысты 30-40 мың долларға жеткізуді көздедік. Батыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 50-60 мың доллар құрайды.

Стратегиялық мақсатты орындауда тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету керек. Жолдардың инфрақұрылымын жетілдіру, шағын және орта бизнесті ілгерілету, инновациялық өндіріс орындарын құру арқылы халықтың тұрмыстық жағдайын оңалта аламыз. Еуропадағыдай орта таптың өкілдерін 40-50 пайызға дейін жеткізіп, адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және тағы басқа мәселелерді шешу маңызды. Мұның барлығы энергияға тәуелді. Тұрақты электр энергиямыз болмаса, бізге инвесторлар қаржы құюға тәуекел етпейді.

2017 жылы EXPO өткізіп, сонда әлемге жаңартылған энергия көздерін дамытамыз деп жарияладық. Алыс-жақын шет елдердің ірі-ірі трансұлттық компанияларына «бізде мұнай-газ көп, көмірдің мол қоры бар. Энергияның көлемі жеткілікті» деп мәлімдедік. Әрі Париж келісімінің шарттарына сай «жасыл» энергетиканы дамытамыз деп дәйектедік.

Көп нәрсе сөз жүзінде қалып, жеті жылдан бері жел және күннен алатын энергияны 5-6 пайызға жеткіздік. Шығыс Қазақстан облысында (Бұқтырма) және Алматы (Қапшағай), Түркістан (Шардара) облысындағы су электр станциясы энергия шығынының 12-14 пайызын жабады. Энергетикалық генерацияның 70 пайызы дизель, газ және көмір станцияларынан келеді.

2015 жылғы Париж келісімін ратификациялағандықтан ауаға газ бөлетін станциялардан кезең-кезеңімен құтылуымыз керек. Яғни көліктеріміз бензинмен жүрмеуі тиіс, станциялар газды, дизелді, көмірді жақпауы керек. Тәжікстан мен Қырғызстанда су станциялары жеткілікті. Олар су энергетикасын «жасыл» энергияға қоса алады. Біздің жағдай басқаша, ірі өзендердің барлығы трансшекаралыққа жатады. Яғни су энергетикасын дамыту қиын. Ерейментау мен Қордайда ірі жел станциялары бой көтерді. Бірақ біздегі желдің бағыты тез өзгеріп тұратындықтан тиімсіздігін көріп отырмыз. Түске дейін шығыстан жел соқса, түстен кейін солтүстіктен дегендей. Арқада қыс ұзақ, жазғы маусым жаңбырлы. Оңтүстік болмаса, басқа өңірде күн панельдерін орнатып, энергия алу мүмкіндігі төмен.

Осылай саралайтын болсақ, АЭС-тің маңызын оңай түсінеміз. Тұрақты энергияның сенімді көзі – атом энергетикасы. Біз осыны түсінуіміз керек.

– Қазіргі және келешектегі энергиялық тапшылықты АЭС-сіз шешу мүмкін емес дейсіз ғой!

– Солай! Энергия сақтап қоятын зат емес, өндірген мезетте тұтыну қажет. Сондықтан таңғы 9-10, кешкі 17-18 кезінде энергиялық дефицит орын алады. Мәселен, 2023 жылы Ресейден энергия жеткізілім көлемі шамамен 2 миллиард киловатт-сағатты құрады.

Егер EXPO кезінде айтқан мүмкіндікті орындай алмасақ, онда Қазақстан электр энергиясын импорттайтын елге айналады. Бұл – экономикалық тұрғыда тиімсіз болады. Тау-кен өндірісі, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес және тағы басқа салаларда тапқан ұлттық табысты басқа мемлекеттерден импорттайтын энергияға төлеуіміз мүмкін.

Біле білсек, энергетикалық тәуелділік – саяси тәуелділіктің негізі. Қазір электр энергиясы «көзге көрінбейтін мұнай» деп бағалауға болады.

Париж келісімінде «2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізбеген мемлекеттер «жасыл» энергияға көшкен елдерге төлем төлейді деген пункт бар. Біз міндетті 2060 жылға дейін орындаймыз дедік.

– АЭС электр энергиясының өзіндік құнын қымбаттатады. Баға саясатында ЖЭС дамытқан тиімді деген пікірді айтатындар бар. Оларға не айта аласыз?

– Қазір Астанада орта есеппен энергияға 20 теңге төлейміз. Бағаны осы мөлшерде ұстау үшін 50 пайызын мемлекет субсидиялап отыр. Энергияны үнемдемесек, 35-40 теңге төлейміз. Кәсіпорындар энергияны өзіндік құнын төлейді. Біз тариф саясатына көшеміз. Сол кезде электр энергиясының өзіндік құны өседі. Жақын жылдары энергияға 40-50 теңге төлеуіміз мүмкін. 2050-2060 жылдары халықаралық келісімге сай қосымша төлем төлейтін болсақ, энергия бағасы тағы 2 есеге өседі. Ал, АЭС-тің энергия бағасы сол кезде салыстырмалы түрде ЖЭС-те өндірілетін энергияға тең немесе арзан болады.

– Сіздің сөзіңізден АЭС салудан басқа жол жоқ екенін түсінеміз.

– Бізде уран да, оны өндіретін технология да бар. Инженер-энергетиктер, атом саласының ғалымдары да жеткілікті. Бейбіт атом саласын басымдық етіп, энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізу мүмкіндігі бар. Тіпті Франция сынды энергияны экспорттайтын елге айналуға болады.

– Франция демекші, атом энергетикасын игеруде қай мемлекетті үлгі ете аламыз?

– Франция көрші 10 мемлекетке энергия сатып, жылына 7 миллиард доллар табыс табады. Франциядан энергия сатып алатын елдердің арасында Ұлыбритания, Германия, Италия, Бельгия, Нидерланд, Испания және Швейцария сынды озық елдерді атауға болады. Азияда энергия экспорттайтын елге айналуға жағдайымыз бар.

– Германияның атом энергетикасына сенімсіз қарай бастағанына байланысты не айтуға болады?

– Біріншіден, Германия атом бағдарламасынан толық бас тартқан жоқ. Бұл ресми Берлиннің ішкі мәселесі. Бәлкім атом энергетикасынан өндіретін елден жарықты тасымалдау арзанға түсетін шығар. Еуропада экономикалық интеграция жоғары. Еуро Одақ елдері арасында бір-бірін қолдайтын тетіктері қарастырылған. Ең бастысы, Германия энергияның 40 пайызын баламалы энергия көздерінен алып отыр.

– Экономист ретінде энергия экспорттайтын елге айналсақ дейсіз ғой. Мұнай мен газды, түсті және қара металлургия саласын дамыту жолын қалай бағамдайсыз?

– Ел арасында мұнайымызды қайтеміз дейтін пікірлерді естіп жүрмін. Мұнай болсын, көмір болсын химия өндірісі бағытында дамыту тиімді. Қазіргі сұраныс химия өнеркәсібі бағытында артып келеді. Осы бағытта шикізат дайындап, пайданы 2 есеге арттыруға болады.

– АЭС салуға ықтимал, ыңғайлы жер ретінде Үлкен ауылды қарастырып отыр. Неге?

– Себебі, Үлкен ауыл оңтүстікке жақын орналасқан. Алматы қаласы мен Алматы, Жетісу және Жамбыл облысына энергияны жеткізуге тиімді. Осы өңірлерде халықтың табиғи өсімі жоғары, кластерлі шаруашылықтар жақсы дамып келеді.

Менің ойымша, елдегі ірі мегополистер – Астана, Шымкент, Ақтөбе сынды ірі қалаларға жақын жерде заманауи технологияға негізделген шағын атом станцияларын салған дұрыс.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ