«Пранк»: бейәдеп пранк жасап, көше сыпырушыны жылатқан блогерлер желідегі жұрттың ашуын келтірді

17 маусым, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
«Пранк»: бейәдеп пранк жасап, көше сыпырушыны жылатқан блогерлер желідегі жұрттың ашуын келтірді
Фото: видеодан скриншот

Алтын сатумен айналысатын кәсіпкер, блогер Эльмира Озай көше сыпырушы әйелге пранк жасап, жылатып кетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Видеода актер болып жүрген бір жігіт пен пен жүкті әйел шемішке шағып келе жатып, көшені сыпырып жүрген орта жастағы әйелдің жанынан өтеді. Жігіт әдейі өзіне сыпырғыш тиіп кеткендей етіп, қызметкерге қатты зекіген. Оның сөздерінен кейін әйел қорланып, жылап қалды.

«Көзіңе қарамайсың ба, жап-жаңа шалбарыма сыпыртқыны тигіздің. Жинаңдар мынаны, сендердің жұмыстарың ғой», - деп ашуын көрсетіп, қолындағы шемішкесін шашып кетеді. Алғашында оның қатты дауысынан селк ете қалған келіншек кейін жылап қалды. Оған жанындағы әріптесі араша түсіп, «Біз сияқты аналарың жоқ па, мынау істегендерің не» деген кезде, ер адам оған қарай жақындап, айғайлай түседі.

Осы сәтте Эльмира Озай кенеттен келе қалып, «бұл пранк» деп ақталып, әйелдерге 5 мың теңгеден ұстатып, жұбатты. Блогер көш сыпырушылардың өзінің Instagram парақшасына тіркелген, тіркелмегенін тексерді. «Тіркелсеңіз, 100 мың беретін едім» деген ол парақшасына жарнама жасауды да ұмытпады.

Айтпақшы олар шемішке шашқанымен қоймай, көшеге тағы да жылтыр затты шашып, қызметкерлердің жұмысын екі есе көбейтіп кетті.

Содан кейін блогер «тазалықты сақтайық» деп сөйледі. Онымен бірге «мейірімді болу — бұл тек әдемі әдет қана емес, өзімізге және айналамыздағы адамдарға деген сыйластықтың көрінісі», - деп жазған.

Желі қолданушылары жігіт пен қыздардың әрекетін қатты сынады. Тіпті оларды жауапкершілікке тартуды талап етті.

«Мына «блоггерлерді»жауапқа тартуды сұраймын!», «ҚР ҚК 131 бабы «қорлау» үшін жауапкершілікті көздейді. Қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау, айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары түрінде жазаланады», «Жазалансын! Ақшалары керек емес, қорлап, жылатып, сосын ақша төледі», «жігіт пранк деп күліп тұр, бұл пранк емес, бұл- қатігездік...Ең өкініштісі тіпті кешірім сұрамады. Бұл видео қатты ашуыма тиді. Қазір осыны балалар мен жасөспірімдер қарап отыр, олар мұны көріп, осылай «қалжыңдауға»  болады екен деп ойлап қалуы мүмкін», «Не деген ұятсыз адамдар, хлопушка атқанша сол шашқан шемішкені жинамадыңдар ма? Өздеріңнің осындай жаста мамаларың бар емес пе! Бізге бұндай блогерлер қажет емес!», «Жүрегі көтермей қалса ше, бір рет осылай күзетші ағай өліп кетті ғой», - деп жазды желі қолданушылары.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада көпқабатты үйдің лифтісіне жалған мәйіт қойып, баланың жүрегін ұшырған, ойыншық тапаншамен пранк жасаған блогерлер 15 тәулікке сотталып кеткен еді.

Полиция мұндай «әзілдердің» моральға жат әрі қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекет деген еді.