Павлодар облысындағы колонияда сотталған ер адам ес-түссіз жатқан күйде табылды
Павлодар облысында №47 колония қызметкерлері сотталғандардың бірі есін жоғалтқанын байқап, жедел жәрдем шақыртып, өмірін аман алып қалды, деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, Павлодар облысы бойынша ҚАЖД № 47 (қауіпсіздігі барынша төмен) мекемесінде сотталғандардың бірі өзін нашар сезініп, төсегінде қимыл-қозғалыссыз жатқан. Бейнебақылау бекетінің операторы сотталған ер адамның қозғалмай жатқанын байқап, оған кезекші нарядты жіберген.
Колония қызметкерлері бөлмеге кіргеннен кейін ер адамды ес-түссіз күйде көріп, офицерлер оны бүйіріне жатқызып, терезені ашты. Сотталған адамның бет-жүзіндегі өзгерісті көріп, колония қызметкерлері оның инсульт екенін түсініп, мекеменің медициналық қызметкері мен жедел жәрдем шақырды, - деді ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметі.
Жедел жәрдем келген соң ер адам жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Мекеме қызметкерлеріне сотталғанның әпкесі алғысын білдірді. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, мекеме қызметшілерінің уақытылы жасаған әрекеті ер адамның өмірін құтқарып қалған.