Орманды алқаптарда 800-ден астам заңсыз әрекеттер тоқтатылды
8-14 шілде аралығында елде «Орман» профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлады Elorda.info.
«Орман» шеңберінде 1 100-ден астам рейд жүргізілді, оның барысында ірі табиғи өрттерге әкеп соғуы мүмкін өрт қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп талаптарының бұзылуы анықталды және тоқтатылды. Әкімшілік жауапкершілікке 802 адам тартылды.
Сонымен қатар, ауқымды профилактикалық іс-шара аясында туристік базалардың, демалыс үйлерінің, пансионаттардың, сауықтыру лагерлерінің, балалардың жазғы демалыс орындарының иелерімен және қызметкерлерімен 700-ден астам кездесу өткізілді. Кездесулерге қатысушыларға ұсынымдар беру және жадынамалар таратуымен өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді.
Жалпы, бұл шаралар орман өрттерінің алдын алу жүйесін едәуір күшейтуге мүмкіндік береді.
Жазғы маусымда өртті болдырмау үшін ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және өрт фактілері туралы дереу хабарлауға шақырады.
Шөпті жағуға, сондай-ақ ормандарда, қалың бұталарда, егіннің жанында от жағуға тыйым салынады. Сөндірілмеген сіріңкелерді, темекі тұқылдарын, шыны заттарды және өздігінен жанатын материалдарды тастамаңыз, - делінген ТЖМ хабарламасында.