Нұртөре Жүсіп: Туризмді дамытуға шетелдік инвесторлар мен отандық бизнесті тарту қажет
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевпен кездесті. Бұл туралы Elorda.info ҚР Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Кездесуге қатысушылар туристік саланы дамыту, спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, спортшыларды алдағы Олимпиада ойындарына дайындау, сондай-ақ ойын бизнесінің жарнамасы мен насихаттауға жауапкершілікті күшейту мәселелерін талқылады.
Парламентші туризмді дамытуға Сенат депутаттары ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Еліміздің тарихи бай мұрасы, ұлттық ерекшелігі мен көрікті табиғаты шетелдік туристердің көптеп келуіне тартуға серпін бере алады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту мәселесіне ұдайы назар аударып отырады және серпінді жобаларды іске асыру қажеттігін атап өткен болатын. Алайда, бұл салада әлі де елеулі нәтижеге жете алған жоқпыз, сондықтан кем дегенде 15 ірі жобаның тізімін пысықтау маңызды екені даусыз. Ол үшін шетелдік инвесторлар мен отандық бизнесті де тарту қажет. Сенаторлар экономиканы нығайту мен еліміздің дамуына осы міндеттердің маңызы зор деп санайды және Үкіметті осы бағытта кешенді түрде жұмыс жүргізуге шақырады. Қажет болған жағдайда Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындауға бағытталған ауқымды шараларды көздейтін тиісті құжаттарды әзірлеу керек. Парламент осы міндеттерді іске асыруда жан-жақты көмек көрсетуге дайын», - деді Нұртөре Жүсіп.
Ермек Маржықпаев өз кезегінде министрліктің ағымдағы қызметі, спортшыларды халықаралық жарыстарға дайындау мен туризм, спорт және ойын бизнесі саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары туралы айтты.