Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды
Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 2023 жылдың 3 сәуіріндегі сотқа келмеді, деп хабарлайды Elorda.info Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бір күн бұрын БАҚ беттерінде сотталушы Күдебаевтың Қазақстан аумағынан шығып кеткені жайында ақпарат тарады.
Талдықорған қалалық сотының судьясының айтуынша, шекара қызметінің мәліметінше, Қырғызстан шекарасы арқылы полиция департаментінің экс-басшысы Қазақстаннан шығып, кейін «Манас» әуежайынан Түркияға ұшып кеткен. Бұл жағдай 23 наурызда болған.
Судьяның айтуынша, 9 наурызда Күдебаев гипертония диагнозымен емдеу мекемесіне жатқызылған. Сот отырысы сотталушының сырқатына байланысты бірнеше рет кейінге шегерілгендіктен, сотқа мәжбүрлеп әкелу туралы шешім шығарылды.
Алайда бүгін, 3 сәуірде оның елде жоқ екені белгілі болды. Осыған байланысты Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды.