00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы жарияланды

4 наурыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы жарияланды
Фото: Астана қаласының әкімдігі

 «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен журналистерге арналған дәстүрлі «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауын жариялайды, деп хабарлайды Elorda.info.

Мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау жұмыстарын жандандыру мақсатында ұйымдастырылған сөз додасының бас жүлдесі – 1 млн теңге. Бірінші орын - 2, екінші орын – 2, үшінші орын - 2. Сонымен қатар ынталандыру сыйлықтары да қарастырылған. 

Байқау екі номинациядан тұрады:

1.«Үздік мақала» (Түрлі жанрда мәтін форматында жарияланған баспасөз материалы. Мәселен, газет-журналда немесе сайттарда жарияланған мақала, сұхбат, репортаж).

2.«Үздік теле және радиобағдарлама»  (Журналистика принципіне сай электрондық және мультимедиалық формат өнімі. Мәселен, теле-радио бағдарлама, телесюжет немесе кэпшн-видео).

Сөз сайысына бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби журналистерімен қатар, байқау ережесінің талаптарына сәйкес мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері жөнінде жариялым жасаған басқа да қаламгерлер, ел тұрғындары қатыса алады. Сондай-ақ қазақ тілі мәселесін қаузаған шетел азаматтары да бақ сынай алады. 

Байқауға 2024 жылғы 1 қаңтар - 24 мамыр аралығындағы Қазақстанның мемлекеттік тілін дамыту, қолданыс аясын кеңейту жөніндегі елімізде және шетелдік БАҚ-тарда жарияланған қазақ және орыс тіліндегі журналистік материалдар қабылданады. Аналитикалық талдау, проблема мен оның шешу жолдарын іздей отырып, қазақ тілінің қолданысын кеңейтудің тиімді бағыттары мен тың әдістері көрсетілгені абзал. Ережеге сәйкес, бір автор екі туындысын жіберуі шарт. Тіркелу формасы: https://docs.google.com/forms/d/1PUUerio7WqwJvzW4G_17cYZQA30H9z9HF5TvvlUUPn4/edit.

Бәсекеге түсетін медиаөнімдерді бағалау қағидалары:

•       тақырыпқа сәйкестік;

•       қамтылған ақпараттың өзектілігі, нақтылығы мен шынайылығы;

•       мәселені талдау тереңдігі;

•       материалды жеткізу шеберлігі;

•       журналистика принциптеріне сай келуі;

•       заманауи шешім жолдарын көрсетуі.

Байқауға қатысушы үміткерлер ұсынған материалдар олардың кәсіби біліктілігін, мультимедиалық сторителлинг және заманауи медиа мүмкіндіктерін, мемлекеттік тілді дамытудың заманауи моделін тұтас қоғамға және әрбір жеке оқырманға, тыңдарманға және көрерменге аша алуы қажет. Ұсынылатын материал авторының заманауи біліктілігі, оның ішінде дата-журналистік қабілеттері де ескеріледі. 

 2024 жылдың 24 мамыры – өтінім қабылдаудың соңғы күні.  Марапаттау маусым айында Астана қаласында өтеді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар, алғысхаттар және қаржылай сыйлықтар табысталады. Байқауға қатысты ақпараттарды @tilqazyna Инстаграм парақшасынан және tilalemi.kz сайтынан біліп отыруға болады.