00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мектеп түлектері МӘМС-те мәртебесін қалай сақтауына болады

24 мамыр, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Мектеп түлектері МӘМС-те мәртебесін қалай сақтауына болады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ертең мектеп түлектері үшін соңғы қоңырау соғылып, өмірдің жаңа кезеңі басталады. Осы кезеңде сақтандырылушы мәртебесінен айырылмау алмау маңызды. Кімдерге МӘМС жүйесінен шығып қалу қаупі бар және мәртебені қалай сақтауға болатыны туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалы өкілдері түсіндіріп берді, деп хабарлады Elorda.info.

Кімдер мәртебесінен айырылуы мүмкін?

Мектепті аяқтаған сәтте немесе осыған дейін 18 жасқа толғандардың барлығы автоматты түрде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен шығып қалады. Мемлекет олар үшін жарналарды төлеуді тоқтатады, сәйкесінше  жеңілдікті мәртебе жойылады. Ал 18 жасқа әлі толмағандардың мәртебесі сақталады.

Мәртебеден айырылу нені білдіреді?

Сақтандырылушы мәртебесі болмаған кезде жоспарлы медициналық көмекке қолжетімділіктен айырылады. Яғни МӘМС есебінен тексеруден өту, бейінді маманның консультациясын алу мүмкін болмайды. Олардың барлығына өз қалтаңыздан төлеуге тура келеді. Бұл отбасы қаражатына үлкен салмақ.

Бұл ретте мемлекет кепілдендірген тегін пакет шеңберінде шұғыл медициналық көмекке қолжетімділік сақталады. Сақтандырылмаған жағдайда жіті ауру, созылмалы аурудың асқынуы, жарақат немесе ЖРВИ кезінде жедел жәрдем шақырып, емхананың фильтр кабинетіне, травмалық пункт немесе ургентті аурухананың қабылдау бөліміне жүгіне аласыз.

Мәртебені қалай сақтауға болады?

18-жасқа толғаннан кейінгі келесі айда МӘМС-ке өзің үшін дербес төлеуші ретінде жарна төлеуді бастау қажет.

Мысал келтірейік. Егер туған күні мамырда болса, онда маусым айынан бастап төлеу қажет. Егер туған күні қаңтарда болып және содан соң төлем жасалмаса, өткізіп алған айлардың төлемін жасап мәртебені қалпына келтіруге болады. Яғни ақпаннан бастап мамырға дейін әр айға бөлек жарна төлеп, сонымен қатар мәртебені сақтау үшін ай сайын төлеуді жалғастыра беру қажет. Мәртебе төлем енгізілгеннен кейін 3 жұмыс күні ішінде беріледі.

Қалай және қайда төлеу керек?

МӘМС-ке жарналарды кез келген ыңғайлы әдіспен – екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары, жылдам төлеу терминалдары және Қазпошта арқылы төлеуге болады. Дербес төлеушілер ЕТЖ-ның 5%-ын төлейді.  Жарнаның мөлшері 2024 жылы 4 250 теңгені құрап отыр.

Жарнаны қанша уақытқа дейін төлеу қажет?

Жарналарды мемлекет төлейтін жоғары, орта және техникалық білім мекемесінің күндізгі бөлімінің студенті ретінде жеңілдікті мәртебені алғанша немесе МӘМС-ке жарналар мен аударымдарды жұмыс беруші жүргізетін жұмысқа ресми түрде орналасқанға дейін төлеу қажет. Бұл ретте жұмыс беруші жеңілдікті мәртебесінің болуына байланысты жұмыс істейтін студентке төлем жасамайды. Егер оқуға түсу немесе жұмысқа орналасу жоспары болмаса, дербес төлеуші ретінде әрдайым жүйеге қатысып отыруға болады.