Майқайыңалтындағы апат: Қайтыс болған құтқарушының отбасына 120 млн теңге моральдық өтемақы төленеді
Екібастұз қалалық соты «Майқайыңалтын» АҚ компаниясы апаттан қаза тапқан құтқарушының туыстарына 120 млн теңге моральдық өтемақы төлеу туралы үкім шығарды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2024 жылғы 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы болжамды өрт орнына технологиялық жолмен келе жатқанда үш құтқарушы мен жүргізушісі бар автобус шұңқырға құлап кеткен. Қаза тапқандар «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-нің қызметкерлері.
Осы факті бойынша құрамында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Павлодар облысының әкімдігі, мемлекеттік еңбек инспекторы, «Майқайыңалтын» АҚ, «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-нен құралған комиссия жазатайым оқиғаға тексеру жүргізіп, оның қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі толық дәлелденді.
Қайтыс болған құтқарушы Т.-ның анасы, қызы, ұлы және әпкесі қызметтік міндеттерін атқару кезінде оның қайтыс болуына байланысты моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
«Моральдық зиян олардың азап шегуінен, ұлынан, әкесінен, ағасынан айырылуының ауырлығынан, жерлеу кезінде онымен қоштасуға мүмкіндік болмауынан, жұмыс берушінің көңіл айтып, қолдау көрсетпеуінен болып отыр. Сот болған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсін негізге ала отырып, қайтыс болған құтқарушының туыстарының талаптарын толық көлемде қанағаттандырды. Әрбір туысының пайдасына қойылған талап көлемінде 30 000 000 теңгеден, жалпы сомасы 120 миллион теңге моральдық зиянды өндірді», - делінген хабарламада.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.