Мұсылман күнтізбесі бойынша Мәуліт айы басталды

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды мұсылман жыл санауы бойынша Мәуліт айының басталуымен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәуліт айы Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келген айы. Діни мерекелер күнтізбесіне сәйкес, пайғамбардың туған күні биыл 3-4 қыркүйекпен тұспа-тұс келеді.
Ислам діні бойынша, бұл мерекенің маңызы Мұхаммед пайғамбардың өмірін насихаттау, жастарды имандылыққа, адамгершілікке және жақсылыққа тәрбиелеуге негізделеді.
Мәуліт айында ораза ұстап, ауыз бекіту міндетті емес. Мұсылмандар үшін ораза міндеттелген ай – Рамазан айы. Есесіне, Мәуліт айында сауапты амалдар жасап, Құран оқу сүннет.
«Мәуліт айы – Пайғамбарымыздың өнегелі өмірін насихаттап, сүннет амалдарын дәріптеудің, дініміздің асыл құндылықтарын ұлықтаудың берекелі мүмкіндігі. Бұл айда мешіттерде Аллаға мадақ айтылып, Пайғамбарымызға салауат жолданады, мәуліт жыры оқылады. Салауат айту – өзіміз үшін қайырлы әрі мол сауапқа жетелейтін ізгі амал. Сондай-ақ Пайғамбарымыздың сүннетін ұстану – Алланың разылығына жақындатар жолдың бірі», – деді ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы.