Ұлытауда марганец рудасын рұқсатсыз өндірген азамат 3 млрд теңге пайда тапқан
Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау өңірінде марганец рудасын рұқсатсыз өндірген, артынан оны заңдастырған адамның тергеуін аяқтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған азамат 2020-2023 жылдар аралығында ешқандай рұқсат құжаттарынсыз Ұлытау облысындағы «Восточный карьерінен» марганец рудасын заңсыз өндірумен айналысқан.
Қылмыс «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның аэроғарыштық суреттерінің көмегімен анықталды.
Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін тергеп-тексеру барысында карьер орналасқан жер учаскесін пайдалану жөніндегі уәкілетті органдардан берілмегені, сондай-ақ жоғарыда аталған азаматтың тиісті тіркеуі жоқ екені анықталды.
Кейіннен күдікті жалған шот-фактураларды жазып, заңсыз өндірілген марганец рудасын заңдастырып, республика бойынша және шет мемлекеттерге өткізген.
Марганец рудалары өнеркәсіптің әртүрлі салаларында – металлургияда, химияда, керамикада, шыныда, ал оның қосылыстары – фармацевтика өнеркәсібінде қолданылады.
Мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келген.
Заңсыз өндірілген кен көлемі 16 мың тоннаны құрап, жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асады.
Күдіктінің 337 млн теңгенің жылжымалы және жылжымайтын мүлкі тәркіленді.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.