00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары әскери ант қабылдады

3 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары әскери ант қабылдады
Фото: Петропавл қаласы ҚР Ұлттық ұланы Академиясының баспасөз қызметі

Бүгін Петропавл қаласының орталық алаңында ҚР Ұлттық ұланы Академиясының 1 курс курсанттарының әскери ант беру рәсімі өтті. Биыл 176 курсант Отанына және халқына адал болуға ант берді, деп хабарлады Еlorda.info

Петропавл қаласы ҚР Ұлттық ұланы Академиясының баспасөз қызметінің мәліметінше, салтанатты шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов, СҚО әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов, қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев, сондай-ақ өңірдегі күш құрылымдарының бірінші басшылары, ардагерлер, болашақ офицерлердің ата-аналары мен туыстары қатысты.

ұлан бир.jpg

Салтанатты шара барысында Бас қолбасшылықтың атынан болашақ офицерлерді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов құттықтады.

Сіздердің әрқайсыларыңыз өз мамандықтарыңызды саналы түрде таңдадыңыздар. Осылайша, Отан қорғау ісіне ұмтылып, тағдырларыңызды офицерлік қызметпен байланыстырып отырсыздар. Сондықтан жоғарғы оқу орнының қабырғасында әскери қызмет пен оқуды қатар ала жүріп, Ұлттық ұлан Академиясының курсанты атағын абыроймен арқалайсыздар деген сенмдемін. Бас қолбасшылық, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері сіздерге офицерлер корпусының болашағы ретінде зор үмітпен қарайды. Біз сіздерге лайықты оқу және қызмет көрсету жағдайларын қамтамасыз ету үшін бәрін жасаймыз, - деді Бауыржан Садықұлы.

Ұлан уш.jpg

Бұдан әрі курсанттарға өз тілектері мен құттықтауларын облыс әкімінің атынан аппарат басшысы Олжас Ыдырысов жолдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Біздің әскер – мемлекетіміздің тірегі. Отанымыздың тәуелсіздігі мен әл-ауқатын қорғау - маңызды мақсат. Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау - біздің өмірлік қажеттілігіміз, оны батыл ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қорғап, бізге мұра етіп қалдырды. Бүгінгі біздің басты міндетіміз – осы үлкен құндылықты сақтау.Тәжірибелі оқытушылардың, тәлімгерлердің басшылығымен Сіздер болашақта Отанымыздың Қарулы күштерінде жоғары білікті және сұранысқа ие мамандар болу үшін пайдалы білім мен дағдыларға ие болатындарыңызға сенімдімін!, - деді Олжас Нұрланұлы.

ұлан ант.jpg

Іс-шарада сөз алған бірінші курс курсанты қатардағы жауынгер Нұрбол Дәулет жиылған қауымды курсанттардың әскери антқа адал болатынына және Отанды қорғау жолында бабалар ізін лайықты жалғастыратынына сендірді.

Барлық бірінші курс курсанттары бірқатар сынақтан өтті. Олар дене шынықтыру нормативтерін орындады, қабылдау емтихандарын тапсырды, байыпты конкурстық іріктеуден және жалпы әскери дайындықтан өтті. Енді олардың алдында 4 жыл курсанттық өмір бар. Осы жылдар ішінде курсанттар әскери істің барлық қыр-сырын игеріп, Отанның сенімді қорғаушыларына айналады.

Әскери рәсім өткізілгеннен кейін қонақтардың назарына академия әскери қызметшілерінің қойылымдары көрсетілді. Әскери оркестр мен университет барабаншыларының ансамблі өздерінің өнерімен жиналғандарды қуантты. Сержант Аян Қали бастаған курсанттар карабиндермен саптық тәсілдер орындап, дефиле көрсетті.

ұлаш.jpg

Бүгінге дейін Ұлттық ұлан Академиясы құқық қорғау органдарының жоғары білікті офицерлерінің «ұстаханасына» айналып үлгерді. Сондай-ақ Ұлттық ұланға жүктелген міндеттерді орындауға үлкен үлес қосып келеді. Бұл елдегі әскерлерге офицерлік кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жалғыз әскери оқу орны. Ол 1997 жылы 18 наурызда құрылды. 2022 жылдың ақпан айынан бастап офицерлер ұстаханасына академия мәртебесі берілді.

26 жыл ішінде ЖОО жиырма үш шығарылым жүзеге асырды, әскерлерге 4000-нан астам офицер жіберілді. Олар Ұлттық ұланның кадрларын толықтырып қана қоймай, елдің басқа әскерлері мен әскери құрылымдарында қызмет етеді. Көптеген жоғары лауазымдарға тағайындалды, бірқатар офицерге мерзімінен бұрын әскери атақтар берілді.

Академия базасында сегіз мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылады, оқыту он кафедрада жүргізіледі. Академияда жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультеті жұмыс істейді, онда жыл сайын Ұлттық ұлан мен басқа да күштік ведомстволардың офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері мамандықтары бойынша қайта даярлаудан өтіп тұрады.

Үкіметаралық шарттарға сәйкес 2009 жылғы қыркүйектен бастап әскери оқу орнының базасында жыл сайын Тәжікстан Республикасының өкілдері өтеусіз негізде әскери мамандықты игереді.

Айта кетейік, биыл академияда магистратура бағдарламасы бойынша ЖОО қабырғасында оқитын офицер-тыңдаушыларды алғашқы қабылдау жүзеге асырылды.