Қостанайда көлікті заңсыз тіркегендер бюджетке 591 млн теңге шығын келтірді
Қостанай облысында 83 ауыр салмақты көлікті бастапқы тіркеуге қою үшін тиісті төлемсіз заңсыз тіркеу фактісі бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Мемлекетке келтірілген шығын 591 млн теңгені құрайды, деп хабарлады Elorda.info.
Қостанай облысының тұрғындары 2020-2023 жылдары жалған құжаттарды пайдаланып, Еуропадан Қазақстанға жүк көлік тіркемелерін әкелгені анықталды. Осылайша тіркеу төлемін 7 млн теңгеден 700 мыңға дейін төмендетілген.
Салық кодексіне сәйкес, шығарылған күні расталған жүк көліктері үшін төленетін сома 2500 АЕК болатын еді, бірақ күдіктілер жалған құжат арқылы 350 АЕК төлеген.
Күдіктілердің тұрғылықты жері мен қызметтік үйлеріне тінту кезінде халықаралық жүкқұжаттар, шот-фактуралар мен кедендік төлемдерді төлеу түбіртектері, көлік құралдарын сатып алу келісімшарттары, декларациялар анықталып, тәркіленді. Сот санкциясымен жоғарыда аталған көліктерге, сондай-ақ күдіктілердің 1 млрд теңгеге жуық мүлкіне тыйым салынды, - деді Қаржылық мониторинг агенттігі.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.