«Қарызсыз қоғам» жобасына қарызы жоқ азаматтар да келеді – ментор
Былтырдан бері елде «Amanat» партиясының қолдауымен азаматтардың қаржылық сауатын арттырып, инвестиция, несие, депозит басқа да мәселелер туралы азаматтарға жан-жақты ақпарат беретін «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы жылы аранйы курстар 9 облыста өткен. Биыл курстың тиімділігі ескеріліп, әрі барлық аймақтан қызығушылардың көбеюіне байланысты барлық өңірде қолға алынды. Астанада жоба аясында 5 спикер семинар-тренинг өткізеді. Elorda.info тілшісі талған жоба менторы Рауан Ерғалиевпен сұхбаттасып қайтты.
Рауан Ерсінұлы «Қарызсыз қоғам» жобасы астаналықтардың қызығушылығын туғызды. Қатысушылар қатары да артып келеді. Курс жайлы жалпы ақпаратпен бөліссеңіз.
Жоба еліміз бойынша биыл ақпан айында басталды, желтоқсанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында шамамен 9 мың елордалық қаржылық сауатты арттыру курсынан өтеді деп жоспарланған. Астанада қазір 5 сарапшы жұмыс істеп жатыр, Бәріміз бір уақытта курсты бастап, қорытындылаймыз. Курстың ұзақтығы 5 күн, қазақ және орыс тілдерінде өтеді, сонымен қатар қатысушыларға түске дейін немесе түстен кейінгі уақытты таңдау мүмкіндігі бар. Барлық ментордың ортақ бағыты, бағдарламасы бекітілген. Алайда алғашқы сабақта аудиторияның сұранысын, нені көбірек білгісі келетінін, оларда қандай қаржылық проблемалар бар екенін анықтаймыз. Яғни кері байланыс арқылы курс барысында қамтылуы тиіс тақырыптар айқындалады. Осылайша бастапқы тақырыптар аясында дәріс оқумен шектелмей, курсқа қатысушыларға толыққанды ақпарат, қажет жағдайда жеке консультация беріліп, мәселесінің шешілуіне көмектеседі. Осы орада айта кетер бір жағдай, азаматтар осы курсқа қатыссам несие немесе басқа да қарыздарымды өтеп береді деп жаңсақ түсінбесе деймін. Біз тек қандай да бір қаржылық міндеттемелері, қарызы болса соны өтеудің тиімді жолдарын ғана үйретеміз. Бес күндік сабақта отбасы бюджеті, оны дұрыс жоспарлау сияқты қарапайым мәселеден, несие және оның шарттары, қаржы нарығы жұмысының қағидаттары, қаржы институттарының функциялары, қаржылық қызметтер мен өнімдер, инвестициялық құралдар және де басқа тақырыптарды қамтимыз. Әр топта шамамен 50 адамға дейін оқытылады. Курсқа жазылу үшін арнайы дайындалған qogamfin.kz сайтында сауалнама толтыру керек немесе тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласуға болады.
Қатысушылар көбінесе қандай мәселелер туралы сұрап жатады?
Менің байқауымша несие туралы сұрақтар жиі қойылады. Онда да қай банктен, қалай тиімді несие алу емес, қарызды қалай өтесем немесе коллекторлармен, шағын несие ұйымдарымен, банкпен арадағы қаржылық мәселелерді қалай реттесем деп сұрайды. Кейбір статистикалық деректерге қарағанда экономикалық белсенді азаматтардың 1,5 млн-ға жуығының несие төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен. Бұл қаржылық сауаттың төмен екендігінің бір белгісі. Өкінішке қарай, банк несие өтінішін мақұлдаса болды қарызға ақша ала беретін азаматтар бар. Бір қарызын екінші қарыз алу арқылы жабатындар, бір басында бірнеше несиесі бар адамдар кездеседі. Көп азаматтар несие шарттары, оның пайыздық үстемесі туралы мүлдем хабарсыз болады. Тек қай банкке, қай күні қанша теңге төлеу керек екенін ғана біледі. Осындай проблемасы бар адамдар көпшіліктің көзінше сұрауға қысылып, сабақ соңында бізге жолығып, жеке консультация алып жатады. ұатысушылардығ басым көпшілігі өзінің мәселесін тренинг барысында шешіп алуға тырысады. Ал қалған 10 пайызы проблемалық сұрақтары бойынша 1 аптадан кейін хабарласып, кеңес сұрап та жатады.
«Қарызсыз қоғам» жобасына кімдер қатысып жатыр? Курстар қаржылық проблемасы бар азаматтарға ғана арналған ба?
Біз қатысушыларға ыңғайлы болу үшін жұмыс орындарына келіп, сабақ өткіземіз. Сондықтан әдетте ұжымдағы адамдар топ болып қатысады. Сондай- ақ, курс туралы түрлі ақпарат көздерінен естіп, біліп, өздері келетіндер де бар. Ал жалпы «Қарызсыз қоғам» жобасына қандай да бір қаржылық проблемасы бар, несиесін төлей алмай қиналып жүрген, банкрот болған, қаржылық сауаты төмен азаматтар қатысады деп түсінбеу керек. Олардың арасында тұрақты табысы бар, ешқандай қарызы жоқ, тек қосымша пайда табу, пассивті табыстан құтылу, инвестиция салу, криптовалюта, биржа туралы білгісі келетіндер де бар. Бірде курсқа келушілерден кімде несие бар дегенде бәрі қолын көтерді де тек бір адам ғана несиесі, қарызы жоқ екенін айтты. Ол кісінің сұрақтары да инвестиция, акция, облигация, бір сөзбен айтқанда табысты арттыру жолдары жайлы болды. Біздің курсымызда оқып, білім алған азаматтардың барлығы осындай болса екен деймін. Курстың мақсаты да осы - шығысынан кірісі көп, қаржылық тәуелсіз болуға ынталандыру. Жалпы курсқа келушілердің арасында ақша жасаудың жолын, оны көбейту тәсілдерін білгісі келетіндер саны орташа есеппен алғанда 20-30 пайызды құрайды. Жобаның тиімділігі көп деп санаймын. Дәл қазір байқалмаса да, болашақта қаржылық шешімдерді қабылдағанда семинар барысында айтылған ақпараттарды ескереді деп ойлаймын. Алдағы уақытта несие төлеудің аннуитет және дифференциал түрлеріне мән береді, қарызын мерзімінен бұрын жабу стратегияларын ойластырады.
Жоба аясындағы заңгерлік көмек туралы айтсаңыз? Нақты қандай мәселелер бойынша көмек көрсетіледі?
Азаматтар жоба заңгерлеріне бір жыл бойы қаржыға қатысты кез келген мәселелер бойынша жүгіне алады. Мамандар банк пен қарыз алушының арасындағы келісімдерді қарайды, қарыз алушының несие тарихымен танысып, берешегінің жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді, егер коллекторларға өткен қарыздар болса оны тиімді шешу жолдары, құжаттарды қалай дұрыс толтыру керек екеніне дейін көрсете алады.
Сұхбатыңызға рахмет!