00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Көлікті 5 минуттан артық қыздырсаңыз, айыппұл салына ма? – ІІМ жауабы

Көлікті 5 минуттан артық қыздырсаңыз, айыппұл салына ма? – ІІМ жауабы
Фото: Оңалхан Өнерхан

Әлеуметтік желіде көлікті 5 минуттан артық қыздырғандарға айыппұл салынады деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Осыған қатысты Elordainfo.kz тілшісі Ішкі істер министрлігінен анықтады.

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларына (бұдан әрі – ЖЖҚ) сәйкес, тоқтап тұру – бұл көлік құралының қозғалысын жолаушыларды отырғызу немесе түсірумен, не көлік құралын тиеу немесе түсірумен байланысты емес себептер бойынша бес минуттан артық уақытқа әдейі тоқтату. ЖЖҚ-ның 88-тармағы 5) тармақшасына сәйкес, тұрғын пункттерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған механикалық көлік құралдарының тұрғындарға қолайсыздық тудырып тоқтап тұруына тыйым салынады. Осындай талап ЖЖҚ-ның 17-бөлімінің 122-тармағы 4) тармақшасында да көрсетілген», - деп жазылған ІІМ хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, мұндай норма Қазақстан Республикасы Жол жүрісі қағидаларында 20 жылдан астам уақыттан бері бар. Баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, егер көлік құралы бес минуттан артық жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен тоқтап тұрып, тұрғындарға қолайсыздық тудырса, бұл жағдай Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамына сәйкес қарастырылады.

«Сонымен қатар Ішкі істер органдары аталған құқық бұзушылық үшін азаматтарға жаппай айыппұл салуды мақсат етпейді. Айта кету керек, көрсетілген бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары түскен кезде ғана, куәгерлер құқық бұзушылық фотосы мен бейнематериалдарын ұсынған жағдайда ғана қозғалады», - деп жазылған хабарламада.