«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында заң бұзушылықтар анықталды

Бурабай ауданы прокуратурасы РМҚК «Балдәурен республикалық оқу-сауықтыру орталығының» қызметіне тексеру жүргізіп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың жүйелі бұзылуын және лагерьдің жобалық қуатының асыра пайдаланылғанын анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Техникалық паспортқа сәйкес, орталық 400 орынға арналған. Алайда іс жүзінде бір ауысымда 574 бала орналастырылған, бұл рұқсат етілген нормадан 43%-ға артық.
«Балаларды орналастыру үшін 12 оқу кабинеті пайдаланылған. Бұл бөлмелер санитарлық тораптармен жабдықталмаған, гигиеналық талаптарға сай келмейді және кәмелетке толмағандардың денсаулығына қауіп төндіреді. Норма бойынша бір бөлмеде 6 бала болуы тиіс болса, іс жүзінде 9 балаға дейін орналастырылған.
Айрықша назар аудартатыны – мемлекеттік квота есебінен тегін демалып жатқан балалар тар және қолайсыз бөлмелерде орналасса, ал ақылы негізде барған балалар бөлек, барлық жағдайы жасалған бөлмелерге жайғастырылған», - делінген хабарламада.
Анықталған заң бұзушылықтарды жою, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту және болашақта балалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірмеу мақсатында прокурорлық қадағалау шаралары қабылданды.



