«Көктемгі кездесулер-2025»: Халықаралық иттер көрмесі өтті

«Көктемгі кездесулер-2025»: Халықаралық иттер көрмесі өтті
Фото: ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Алматыда «Көктемгі кездесулер-2025» атты түрлі тұқымды иттердің халықаралық көрмесі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрмеге 28 тұқымды қамтыған 230-дан астам иттер мен күшіктер қатысты.

Мұнда Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімі кинологиялық орталығы бес қызметтік иті бақ сынады. Олардың әрқайсысы құқықтық тәртіп әскерлерін лайықты таныстырды және елеулі нәтижелерге қол жеткізді:

1)Скот — аға сержант Шыңғыс Жолдыбаевтың қарамағындағы бельгиялық овчарка (Малинуа) «Ересек иттер» санатында 4-ші орынды тұрақтап, «CAC» атағын иеленді;

2)Хайна — кіші сержант Дастан Туниязовтың иелігіндегі бельгиялық овчарка (Малинуа) «Жасөспірімдер» санатында төртінші орынға табан тіреп, «Өте жақсы» деген бағамен халықаралық асыл тұқымды өсіруге рұқсат алды;

3)Адамс — 3 сынып сержанты Берік Дүйсенеевке бекітілген голландиялық овчарка үздіктер үштігіне енді, «САС» атағын иеленіп, Халықаралық сұлулық чемпиондары титулына үміткер және «Элита ДОСААФ» қоғамдық бірлестігі» клубының чемпионы болды;

4)Шейх — сержант Павел Графкиннің қамқорлығымен бельгиялық овчарканың күшігі «Baby» санатындағы тұқымның ең үздік өкілі деп танылды. Сайыс қортындысында «Өте жақсы» деп бағаланып, үшінші орынға ие болды;

5)Carla trip Benasi — сержант Алексей Мешковтың қарауындағы Малинуа түріндегі бельгиялық овчарка «Ардагерлер» санатында абсолютті жеңіске жетті. Ол Қазақстан мен Польша Республикасының чемпионы, клуб чемпионы және барлық тұқымдар арасында ардагерлер санатындағы көрме чемпионы атанды. Сондай-ақ, «CAC», «CACIB» атақтарын және сұлулық чемпионы атағын қоса иеленді.

Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Мұндай көрмелерге қатысу — біз үшін асыл тұқымды иттердің селекциялық жұмысын сапалы жүргізу тұрғысынан жаңа мүмкіндіктер береді. Сонымен қатар, Ұлттық ұланның кинологиялық қызметін одан әрі дамытуға ықпал етеді және оның кәсіби беделін арттырады», - деді кинологиялық орталықтың бастығы подполковник Альмир Файласов.

Айта кетейік, мұндай іс-шаралар әскери бөлімшелердің имиджін нығайтады, әскери кинологтардың кәсібилігін және қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесіндегі қызметтік кинологияның маңыздылығын көрсетеді.