Көкшетауда ұландық сарбаздар «Мектепке жол» акциясына қолдау білдірді

28 тамыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views58
Көкшетауда ұландық сарбаздар «Мектепке жол» акциясына қолдау білдірді
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Көкшетау қаласында көпбалалы отбасылардың балаларын қуанышқа бөледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әлеуметтік қолдау мақсатында ұйымдастырылған «Мектепке жол» акциясы аясында бүлдіршіндерге мектеп сөмкелері, түрлі кеңсе тауарлары, дәптерлер мен оқу құралдары табыс етілді. Бұл бастама – оқушылардың жаңа оқу жылына толыққанды дайындалуына жағдай жасауға бағытталған игі қадам.

Әскери бөлім басшылығы мұндай іс-шаралардың маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Балаларға қолдау көрсету, жас ұрпақтың қамын ойлау – бұл тек әлеуметтік міндет қана емес, елдің болашағына қосқан үлесіміз деп білеміз. Осындай игі дәстүрлер қоғам мен әскер арасындағы сенімді нығайтып, әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты ықпал етеді», - деді командирлік құрам өкілдері.

Көкшетаулық ата-аналар әскери қызметшілердің көрсеткен қамқорлығына ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы Ұлттық ұланда жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып келеді.