«Joqtau» фильмі әлемдегі беделді кинофестивальдің бағдарламасына енді
Қазақстандық режиссер Аруан Анартайдың «Joqtau» дебюттік фильмі Locarno Film Festival халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына енді, деп хабарлады Elorda.info.
Швейцария кинофестивалі – ең беделді фестивальдердің бірі және әлемдік киноиндустриядағы ықпалы зор бестіктің қатарында.
Локарнодағы 77-ші кинофестиваль осы жылдың 7-17 тамызы аралығында өтеді. Байқауға түскен әр фильм бес ретке дейін фестивальдің 10 алаңында көрсетіледі.
Роуд-муви жанрындағы фильмде қазақ даласы мен оның түкпіріне сапарға шыққандар туралы баяндалады. Кейіпкерлер түрлі оқиғаларды бастан кешіріп, олардың ұстанымдары мен сенімі сыналады.
Фильмдегі басты рөлдерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Исбек Әбілмәжінов, көрерменге «Қаш», «Патриоттар уақыты», «Сақтаушы» картиналары арқылы танылған, атышулы «Дәстүр» фильмінде ойнаған Ермек Шынболатов, сондай-ақ «Joqtau» фильмі – мансабындағы алғашқы жоба болған актриса Ирина Балкова сомдайды.
«Joqtau» фильмі үшін композитор Санжар Бәйтереков қазақтың ұлттық аспабы қобызбен инструменталды музыка жазды.
Айта кетейік, фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген.