«Интимдік видеоны таратамын»: Түркістан облысында экс-басшысын бопсалаған әйел сотталды
Түркістан облысында оқу орнының басшысынан ондаған миллион теңге қаражат бопсалаған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Elorda.info otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.
Оқиға бірнеше жыл бұрын колледжердің бірінде болған. Оқу орнының лаборанты өзінің сол кездегі басшысымен қызметтік бөлмеде жыныстық қатынасқа түсу сәтін байқатпай бейнежазбаға түсіріп алған.
Артынша оны әлеуметтік желіге жариялайтынын айтып қорқытып, жәбірленушіден аса ірі мөлшерде ақша талап еткен. Алғашында 2500 АҚШ долларын, кейін 2,5 млн теңге сұраған. Сосын бұрынғы басшысынан «Hyindai Elantra» маркалы автокөлік алып беруін талап еткен. Әйелдің қылмыстық әрекетін жалғастыруын тоқтатпайтынына көзі жеткен жәбірленуші полицияға арызданды.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуін белгілеуді сұрады, – деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған істі тергеп-тексеру нәтижесінде әйелдің айыбы дәлелденді. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот шешімімен сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу жазасы тағайындалған,- деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.
Сонымен қатар, сот жәбірленушінің пайдасына 28 млн теңге өндірілуін үкім етті.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қазір аталған іс бойынша аппелляциялық шағым мен өтініш хаттар түсіп, апелляциялық сот алқасында қаралып жатыр.