ІІМ арнайы жасағы Дубайда өтетін жарысқа қатысады
Еліміздің ішкі істер органдары арнайы күштерінің жауынгерлері «UAE SWAT Challenge-2025» жарысына қатысады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«1 мен 5 ақпан аралығында ІІМ Ұлттық ұланының үш командасы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін «UAE SWAT Challenge-2025» жыл сайынғы VI халықаралық тактикалық жарысқа қатысады. Биыл жарысқа әлемнің түрлі елдерінен 80-нен астам команда жиналады. «UAE SWAT Challenge» — күш құрылымдарының арнайы күштері арасындағы бейресми әлем чемпионаты. Оны арнайы күштер олимпиадасы деп атайды», - деп жазылған хабарламада.
UAE SWAT Challenge-дің негізгі міндеттері —арнайы мақсаттағы жасақтардың бәсекеге қабілеттілігі мен тиімділігін арттыру. Өйткені жарыстар олардың нақты қиындықтар мен күнделікті тәуекелдерге қарсы тұру дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Бес күн болатын жарыстың қатаң бәсекелестік күресінде арнайы бөлімшелердің әскери қызметшілері түрлі тактикалық тапсырмаларды орындайтын болады. Оның барысында кедергілер еңсеріледі, түрлі қарулардан: мергендік мылтықтардан, тапаншалардан және пулемет-тапаншалардан нысанаға ату орындалады. Сондай-ақ жарыс бағдарламасында кепілге алынғандарды босату және жаралыларды эвакуациялау бойынша жеке жарыстар ұйымдастырылады.