«Идеал жігіт» атты кітап оқырманға жол тартты
Журналист Ерлан Әбдірұлының жаңа кітабында нағыз жігіт болудың нақты 7 жолы көрсетілген, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл – әдеби кітап, көркем шығармалар жинағы емес. Сондықтан кейбір сөз қолданыстары мен құрмалас сөйлемдер құрылысы көңіліңізден шықпаса, түсіністік танытыңыз. Кейбір тәржімалануы керек сөздерді де аудармай, сол қалпы қалдырдық. Және ауызекі қолданыстағы сөздерді де, диалектілерді де қолдандық. Мақсат – оқырманға барынша түсінікті болу, - дейді автор.
Автор, сондай-ақ, кітаптағы пікірлермен келісу, келіспеу мәселесін де оқырманның патша көңіліне қалдырады.
Кітаптағы пікірлер - автордың жеке көзқарасы. Онымен келіспеуге де толық қақыңыз бар. Кітапты өзіңізге пайда алу, мағлұмат қорыңызды байыту, білім іздену, ойыңызды өзгерту, өмірлік инструменттер игеру, жаңа көкжиектер ашу мақсатымен оқысаңыз деген өтінішіміз бар. Өзгеру, жаңа деңгейге көтерілу жоспарыңызда жоқ болса, онда бұл кітапты сатып алмаңыз. Егер сатып ап қойған болсаңыз, кейбір ойларым нәпсіңізге ауыр тиюі де мүмкін екенін ескертемін. Ондай ащы шындықты жақтырмасаңыз, тәтті иллюзияда, идиллияда өмір сүре бергіңіз келсе, бұл кітапты макулатураға өткізіп жібере салыңыз, - делінген кітаптың рецензиясында.
Кітап - ұл тәрбиесіне уайымдап «қалай ұлымды дұрыс тәрбиелеймін» деген ата-анаға; өмірінің әр түрлі кезеңдерінде сүрінбей өтіп, айналасымен сауатты коммуникация құру арқылы табысқа жеткісі келетін ер жігіттерге; идеал жігіттің бойында қандай қасиеттер болатынын біліп, абьюзер, тирандардан аулақ болғысы келетін бойжеткендерге; жарымен дұрыс мәміле құрып, жұбайлық өміріне бақыт кіргізгісі келетін ерлі-зайыптыларға таптырмайтын құрал. Жалпы, ер жігіт туғаннан – қарт болғанға дейін салиқалы азамат болуды үйрететін инструкция, өмірлік инструмент.
Айта кетейік, Ерлан Әбдірұлы 1986 жылы 31 шілдеде қазіргі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының, “Erikson” халықаралық коучинг университетінің түлегі. Журналист, медиаменеджер, ҚР ақпарат саласының үздігі.