50 пайыздық білім грантын кімдер иелене алады
Ұлттық тестілеу орталығы биыл талапкерлер тұңғыш рет сараланған гранттарды жеңіп ала алатынын еске салды, деп хабарлады Elorda.info.
Сараланған грант бойынша, оқу ақысының 50 пайызын мемлекет, қалған жартысын талапкердің өзі төлейді.
Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, биыл талапкерлерге 300 сараланған грант ұсынылып отыр. Олар екі бағыт бойынша беріледі:
«Педагогикалық ғылымдар» – 150 грант;
«Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» – 150 грант.
«Бұл грант конкурстық негізде беріледі. Яғни, 13-20 шілде аралығында (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының талапкерлері үшін 13-24 шілде аралығында) грант конкурсына қатысу қажет. Ешқандай қосымша құжат қажет емес. Толық грант ұтып алмаған кезекте келесі болып тұрған талапкерлер сараланған грантты иелене алады», – делінген Ұлттық тестілеу орталығының хабарламасында.