Есірткі және психотроптық препараттардың тізімі кеңейтілді
Есірткі және психотроптық препараттардың тізімі кеңейтілді, деп хабарлады Elorda.info.
Бұдан былай пара-флюорофентанил, Брорфин, Метонитазен есірткі заттары: 3-метоксифенциклидин, Эвтилон, Клоназолам, Диклазепам, Флубромазолам психотроптық заттар және 4-метилпропиофенон есірткі өндірісінде қолданылатын прекурсор болып саналады.
Аталған заттар Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімімен аталған одақта бақылауға жататын есірткілер тізбесіне енгізілген. Бұл оларды бақылаудағы заттардың ұлттық тізіміне енуіне негіз болды, – деді ІІМ баспасөз қызметі.
2019 жылы Үкіметке есірткі тізімін бекіту құзыреті берілгеннен бастап, тізім 154 жаңа психоактивті заттармен толықтырылған. Оның ішінде 125 есірткі және психотроптық заттар және 29 прекурсорлар бар.
Айта кетейік, Қазақстанда азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін 700-ге жуық есірткі түрі бақылауға алынған.