Елордалық ұландықтар есірткіге күдікті әйелді ұстады


Байқоңыр ауданының көшелерін патрульдеу барысында әскери жасақ бастығы Ерлан Қаржауов пен патрульші Нұрасыл Мұсабеков полиция қызметкерлерімен бірлесіп, есірткіге күдікті азаматшаны ұстады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Бараев көшесінде болған. Әйел өзінің күмәнді іс-әрекетімен әскерилердің назарын аударғандықтан, олар құжат тексеру үшін азаматшаны тоқтатады.
Тексеру кезінде күдіктінің қалтасынан жағымсыз иісі бар өсімдік тектес зат пен тамшуын салынған бума табылды. Елордалық 5573 әскери бөлімінің сарбаздары бірден жедел-тергеу тобын шақырады. Азаматшаның айтуынша, ол бұл буманы көшеден тапқан.
Қазіргі уақытта тәркіленген затқа сараптама жүргізіліп жатыр. Талдау қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады.
Айта кетейік, құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлері ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, елімізде құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу шараларын жүзеге асырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырып жатыр.



