Елордада белгіленбеген орынға құрылыс қалдықтарын төккендер жазаланды


Астана қаласының «Сарайшық» ауданында құрылыс қоқысын заңсыз төккендерге қоршаған ортаны ластағаны үшін айыппұл салынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқиға Ш.Қалдаяқов көшесі маңындағы LRT құрылысы бойында болып, Sergek камералары арқылы анықталды. Аудандық әкімдік пен учаскелік полиция қызметкерлерінің жылдам әрекет етуі нәтижесінде құқықбұзушылар жауапкершілікке тартылды.
Заң бұзушылық 505-бап «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» (20 АЕК) және 434-2 бап «Ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, гүлзарларды ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау» (10 АЕК) бойынша болды.
Заңсыздыққа жол берген жүргізушілерге айыппұл салынып, құжатсыз жұмыс істеген арнайы техника айыппұл тұрағына жеткізілді.



