Елімізде заңды бұзған 700-ге жуық шетелдік такси жүргізушісі анықталды

3 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елімізде заңды бұзған 700-ге жуық шетелдік такси жүргізушісі анықталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидасын қамтамасыз ету мақсатында көші-қон бақылауын нығайту және ел аумағында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтау үшін «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Көші-қон қызметінің мәліметі бойынша, іс-шара барысында 5 күн ішінде 46 мың көлік тексерілген. 1 080 шетелдік азамат жеке тасымалдаумен айналысқаны анықталды. Олардың 691-і мобильді қосымшалар арқылы көші-қон заңнамасын бұзып, жеке тасымалмен айналысқан.

«234 шетелдік азамат заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін, 457 шетелдік азамат ҚР-да болу мерзімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен 175 шетелдік такси жүргізушісі ел аумағынан шығарылды. Олардың 103-і жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орындарына орналастырылды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар 38 қазақстандық шетелдік азаматтарды заңсыз жұмысқа тартқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.