Елімізде электрондық қызметтердің көмегімен жол трафигі мен соттарға жүктемені азайту көзделіп отыр


Үкімет отырысында Freedom компаниясының мемлекеттік қызметтер мен сервистерді іске асыру барысы туралы Freedom Holding Corp компаниясының негізін қалаушы әрі иесі Тимур Турлов айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, ол сақтандырудың цифрлық өнімдері 21-ден астам мемлекеттік интеграцияны пайдаланатынын атап өтті.
«Біз нарықта ХҚКО 2.0 АЖ сервисіне алғашқы болып қосылдық, оның шеңберінде автокөлік тіркелген сәттен бастап сақтандыру өтемін ұсынамыз, ал басқаларында сақтандыру қорғанысы келесі күні іске қосылады. Бір жыл бұрын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Еуропротокол тетігін іске қосты, онда шығыны 100 АЕК-ке дейін құрайтын ЖКО жол полициясының қатысуынсыз және соттарға жүгінбей реттеуге болады, осылайша мемлекеттік органдарға жүктемені азайтып, төлемдерді алу процесін жеделдетеді. Біздің dtp.kz сақтандыру жағдайларын реттеу өніміміз күнтізбелік 5 күн ішінде төлемдер жасайды, ал нарық бойынша төлемдердің орташа мерзімі 92 күнді құрайды. Дегенмен, мемлекет жасап отырған барлық жағдайға қарамастан Еуропротокол тетігін пайдалану үлесі төмен күйінде қалып отыр»,- деп атап өтті Тимур Турлов.
Осыған байланысты кәсіпкер мемлекеттің 102 (ІІМ) және eGov сияқты қолданыстағы қолданбаларында Еуропротокол қағидатын сақтайтын өнімдерді интеграциялауды ұсынды.
Оның пікірінше, бұл жол трафигі мен соттарға жүктемені азайтуға, сондай-ақ клиенттерге ЖКО салдарынан келетін төлемдерді жылдам алуға мүмкіндік береді.



