00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елімізде 9 креативті хаб жұмыс істейді

Елімізде 9 креативті хаб жұмыс істейді
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Петропавлда Республика күніне орай салтанатты түрде Qyzyljar Creative Center ашылды. Хаб Мемлекет басшысының ірі қалаларда креативті индустрияларды дамыту тапсырмасына сәйкес құрылған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, орталық жастардың шығармашылық идеяларын қалыптастыру, креативті жобаларды іске асыру және коммерцияландыру алаңына айналады. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов «Qyzyljar Creative Center» өңірдің мәдени және экономикалық дамуында маңызды орталық болатынына сенім білдірді.

«Креативті хаб болашақта халықаралық аренада аймақтың ғана емес, бүкіл республикамызды танытатын жаңа есімдердің шығуына серпін береді деп үміттенеміз. Солтүстік Қазақстан облысының креативті орталығы бірыңғай инфрақұрылымы бар, қолдау мен көмек құралдары ортақ республикалық экожүйенің бір бөлігіне айналады», – деді Евгений Кочетов.

Креативті орталық Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық-драма театрының базасында ұйымдастырылды. Ғимарат тарихи құндылығын сақтай отырып, қайта құрылды.

«Креативті индустрия – Қордың әлеуметтік саладағы басым бағыттарының бірі. Өйткені біз IT және заманауи дизайн сияқты маңызды салаларда дарынды жастарға қолдау білдіру маңызды екенін түсінеміз», – деді «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Әдиева.

Орталықтың 2 мың шаршы метрі 9 тақырыптық аймаққа бөлінді. Qyzyljar Creative Center-дің негізгі бағыттары цифрлық және ақпараттық технологиялар, медиа және диджитал, контент жасау, сән индустриясы, хореография және білім беру сияқты салалар болады. Мұнда креаторлар үшін барлық қажетті цифрлы және шығармашылыққа арналған жағдай жасалды.

Орталықтың ашылуы аясында аймақтағы креаторлармен алғашқы кездесу өтті. Оларға сала өкілдерін мемлекеттік қолдау шаралары және индустрияны дамыту жоспарлары туралы айтылды.

Айта кетейік, республика бойынша 9 креативті хаб жұмыс істейді. Алдағы уақытта еліміздің барлық облыс орталықтары мен мегаполистерінде ашылмақ.