Елімізде 400-ден астам қосымша білім беру ұйымы ашылды

13 тамыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views55
Елімізде 400-ден астам қосымша білім беру ұйымы ашылды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Биыл балаларды қосымша білім берумен қамту 3,2 млн баладан 3,4 млн-ға дейін артты, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Олардың 62%-ы тегін үйірмелер мен секцияларға қатысады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға артқанын көрсетеді.

Бүгінге елімізде 380 түрлі бағыттағы үйірмелер бойынша қызмет көрсететін 2142 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді.

 «Оқу-ағарту министрлігі тұрғылықты жеріне қарамастан балалардың барлық санаттары үшін қосымша білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Өткен жылы елімізде 1713 мектептен тыс ұйым жұмыс істесе, биыл олардың саны 25%-ға артып, 400-ден астам жаңа қосымша білім беру ұйымы ашылды», - деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы Алтай Рахымберлин.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 12 өңірінде 22 оқушылар сарайының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 5 қосымша білім беру нысаны Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында пайдалануға берілді.