Елде Президенттік Академия түлектерінің альянсы құрылды
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті. Сондай-ақ Президенттік Академия түлектерінің альянсы құрылды, деп хабарлады Elorda.info.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет саласында Әділетті Қазақстан қағидаттарына сай келетін жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Ашықтық, әділдік және меритократия қағидаттары негізінде мемлекеттік қызметке қабілетті әрі білікті азаматтарды, дарынды жастарды тартуға кеңінен жол ашылуда. Мемлекеттік басқару академиясын үздік аяқтаған түлектердің өңірлік деңгейде конкурссыз негізде басшылық лауазымдарға тағайындала алу мүмкіндігі де осының дәлелі, - деді МҚІА төрағасы Дархан Жазықбай.
Академия баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023-2024 оқу жылында докторантура және магистратура білім бағдарламалары бойынша 124 түлек дипломын сәтті қорғады.
Біздің түлектер – «Адал азамат» ұғымының құндылықтарын бойына сіңіре отырып, болашаққа бағдарланған мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілетті адами капиталына айналуы тиіс.
Бұл ретте, өзгермелі заман талаптарына сәйкес білімді, кәсіби құзыреттілігі жоғары мамандарды даярлау мақсатында Академия өз тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізуде. Академия қабырғасында алған білімдеріңізбен еліміздің өркендеп-дамуына елеулі үлес қосып, мемлекеттік басқару саласының білікті маманы болатындарыңызға сеніміміз мол, - деді Академия ректоры Ерлан Қуанышұлы.
Сонымен қатар ректор шара барысында «Президенттік Академия түлектерінің альянсы» қоғамдық бірлестігі құрылғаны туралы мәлімдеді. Жаңадан құрылған Альянстың Президенті болып Мемлекеттік басқару академиясының түлегі, Елордалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Қанат Алин тағайындалды.
Альянсты құрудағы мақсатымыз — Академияның әр жылдардағы түлектерінің корпоративтік рухын нығайту және барлығын біріктіру. Әрқайсымыздың жеке және кәсіби өсуімізге ықпал ететін мықты ұйым құра аламыз деген сенімдемін. Әрбір түлек альянстың және жалпы қоғам өміріне белсенді қатысуы үшін жағдай жасаймыз. Академия түлектері өз білімдерімен, идеяларымен және тәжірибелерімен бөлісе алатын платформалар мен іс-шараларды ұйымдастырамыз. Әрқайсыңызды жетістікке толы болашақты бірге құруға, Президенттік Академия түлектері альянсының мүшесі болуға шақырамын, - деді Қанат Төлеубекұлы.