Бас прокурор: Адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – бірінші кезектегі міндет

Бүгін ҚСжАЕК-ның Қылмыстық қауіп-қатерлер және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығының алғашқы есебі тыңдалды. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Орталық жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, цифрлық жобаларды іске асыруға кіріскен: «е-Өтініш» жүйесіндегі жолданымдарды талдайды, қылмыстылықты болжайды, Қазақстанға таралуына жол бермеу үшін әлемдік қылмыстық қауіп-қатерлерді бақылайды.
Жуырда дәл осы Орталық автокөлік иелеріне бағытталған ауқымды фишингтік шабуыл туралы алдын ала ескерту жасады.
Қаскүнемдер жол жүрiсi қағидаларын бұзғаны туралы «қаулылары» тіркелген және «айыппұл төлеу» сілтемесі бар хаттарды таратуда. Оған өту қаражаттың ұрлануына және құрылғылардың зақымдалуына әкеледі», - деді Берік Асылов.
Бас прокурордың айтуынша, алғашқы шабуылдар АҚШ пен Ресейде тіркелген.
«Біз азаматтар мен мемлекеттік органдарды бар тәуекелдер туралы хабардар етудеміз.
Адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – біз үшін бірінші кезектегі міндет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура киберқылмыс қауіп-қатерлерін дер кезінде анықтап, алдын алу мақсатында цифрлық болжамды одан әрі жүзеге асырады. Бұл – қоғам алдындағы біздің жаңа жауапкершілігіміз», - дейді Б.Асылов.



