00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Баламен қарым-қатынасты қалай құрамыз – психологтан кеңестер

Баламен қарым-қатынасты қалай құрамыз – психологтан кеңестер
Фото: ЖИ иллюстрациясы

Әр баланың жан-дүниесі – өте нәзік. Сондықтан ол ата-анасының оны бар болғаны үшін ғана жақсы көретінін, осы өмірге керектігін білуі қажет. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ата-аналар баласына материалдық тұрғыдан барлығын жасайды. Ал көпшілігі баланың рухани жағынан дамуына, оның ішкі жан дүниесіне үңілуін естен шығарып жатады. Ал бала балабақша мен мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап яғни қоғамға араласқан сәттен көптеген мәселеге тап болады. Олардың қатарында рухани дағдарыс, жасөспірімдермен дұрыс қарым-қатынас орната алмау және т.б. бар. Осы орайда отбасылық психолог Ержан Мырзабаев ата-аналарға пайдалы кеңестерін айтты.  

Мамандар ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас барынша ашық болу керек деп есептейді. Ал баланың қиын жағдайда жүргенін келесідей белгілер бойынша білуге болады.

«Жасөспірім шақта баланың шешілмеген проблемасы бар болса, онда оның мінез-құлқы бірден өзгереді. Мәселен, егер тұйық бала болатын болса, онда тым белсенді болуы мүмкін, ал жаны жайсаң бала болатын болса, онда бірден тұйықталып қалуы мүмкін. Екіншіден, бала қарым-қатынастан қашады. Ол смартфон-гаджеттерді көп қолданады. Тіпті көп уақытын жалғыз өткізгісі келеді. Осылайша ол проблемасын шешудің жолдарын ойлап жүреді. Үшіншіден, жасөспірімдер әр мәселе бойынша ашуланшақ, агрессивті, қызба мінез танытуы мүмкін. Бұл арқылы бала қиын жағдайда жүргенін ата-ана біле алады», - деді психолог.

Ержан Мырзабаев осындай проблемалардың алдын алудың бірнеше жолдарын айтты.

«Алдымен, ата-ана баламен бірге жүйелі түрде уақыт өткізуге көп көңіл бөлуі керек. Бастысы, бұл асығыс, аяқ астынан болмауы қажет. Мәселен, балаңызбен саябаққа барып, қыдырыңыз. Бала ұнайтын істерімен айналысқанда өзін қауіпсіз сезінеді. Кейін күні қалай өткенін сұрап, шағын диалог құрыңыз. Сондай-ақ балаңыз нені ұнатады, соны бірге жасауға тырысыңыз. Коньки тебіңіз, ойын ойнаңыз. Себебі сол кезде бала ата-анаға барлық мәселесін, әңгімесін айтады. Бастысы, оның проблемаларын бірге шешудің жолдарын қарастырыңыз. Нәтижесінде бала үнемі ата-анасына мазалаған мәселелерімен бөлісетін болады», - деді Ержан Мырзабаев.

Отбасындағы бала тәрбиесі қарапайым заттардан басталады. Мәселен, үлкендермен амандасу, бауырларына қамқор болу – мұның барлығы тәрбие. Тіпті бүгінгі балалар ойын еркін әрі ашық айтады. Десе де ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіріп отырған жөн.

«Баламен қарым-қатынасты реттеу үшін арнайы мамандарға жүгіну керек деп ойлаймын. Себебі қарым-қатынастың нашар болуына ата-ана жауапты. Баламен ашық әңгімелесу керек. Егер ондай мүмкіндік болмса, онда психолог мамандарға хабарласу қажет. Олар баламен сөйлесу арқылы оның ішкі жан дүниесіне үңіліп, мазалаған мәселелерін біле алады. Кейін ата-анасына жеткізіп, бағыт-бағдар береді. Сөйтіп, ата-ана мен бала арасындағы мәселені шешуге көмектеседі. Баланың өмірінен, жан саулығынан, тән саулығынан артық  ештеңе жоқ», - деп сөзін түйіндеді Ержан Мырзабаев.