Азаматтық қоғам құруда партиялар да өз үлесін қосып жатыр
Азаматтық қоғам мен медиа саласы өкілдерінің өзара қарым-қатынасының қоғамдағы рөлі жайлы MNU Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры Алма Сайлауқызы өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elorda.info.
Үкіметтік емес ұйымдар – қоғам мүшелерінің бірі және бірегейі. Өйткені ол халықтың көзқарасын, жай-күйін, тілек-қалауын билікке жеткізеді, кейбір құқықтық базаны дайындауға атсалысады. Сондай-ақ олар мемлекет шығарып жатқан кейбір заңнамалық, стратегиялық менеджменттік жаңа құжаттарды халыққа жеткізуде, ұғынықты тілде түсіндіруде, үйретуде дәнекер бола алады. Демек, үкіметтік емес ұйымдар да журналистика секілді ағартушылық, танымдық жұмыстармен айналысады деуге болады”, - дейді PhD ғылым докторы.
Профессордың айтуынша, медиа саласының өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет.
Бүгінгі таңда 20 мыңнан астам әртүрлі үкіметтік емес ұйым бар. Олардың бәрі болмаса да, біразы шынында да өте қажетті дүниелермен айналысып жүр. Алайда сол жұмыстар туралы халықты хабардар ету жеткізу жағы жетіспей жатады. Атқарылып жатқан жұмыстар мен бастамалардың ақпараттық насихатталу дәрежесі дәл қазіргі цифрлық қоғам талабына аса сай емес. Неліктен? Себебі көптеген ҮЕҰ-ларда жеткілікті деңгейде медиаресурс пен медиақұрал, мамандар жоқ. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарын медиа өкілдері түрлі форматта халыққа жеткізе білсе, тиімділігі артып, көп жұмыс жүзеге асар еді, әрі БАҚ контентіне де пайдалы болар еді. Нәтижесінде, ақпараттық-танымдық, ақпараттық-мәдени, ақпараттық-рухани дүниелер қалың бұқараға ауқымдырақ дәрежеде жететін болады, - деді Алма Сайлауқызы.
Сондай-ақ спикер азаматтық қоғам мен БАҚ арасындағы партиялардың жұмысына да тоқталды.
Үкіметтік емес ұйымдарға қарағанда партияларда ресурстар әлдеқайда көп деп санаймын. Өйткені оларда белгілі бір деңгейде қолдап отыратын қаражат көздері бар. Сондықтан өз жұмысын көрсету бойынша басқалармен салыстырғанда партиялар көш ілгері тұр. Дегенмен олардың арасында да ескі ақпараттық формацияда қалып қойғандары бар, - деп сөзін түйіндеді Алма Сайлауқызы.
Расымен де, азаматтық қоғам құруда партиялар да өз үлесін қосып жатыр. Олар әкімдік тарапынан ұйымдастырылатын түрлі жиынға қолдау көрсетіп тұрады.