Қазақстанда екі жаңа әскери колледж ашылады

Бүгін, 18:14
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстанда екі жаңа әскери колледж ашылады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жалпы Қазақстанда жоғары әскери білімді Алматыдағы Құрлық әскерлерінің Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери институтында, Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында және Алматыдағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында алуға болады. Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беріледі, ол да жыл сайын 1 мыңнан астам адамның біліктілігін арттырады.

Техникалық және кәсіптік білім беруді Астана, Щучье және Шымкент қалаларындағы үш әскери колледж ұсынады. Колледждер мотоатқыштар, танк, артиллериялық және инженерлік бөлімшелер, байланыс әскерлері, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және жөндеу бөлімшелері үшін кәсіби сержанттар дайындайды.

«Жас ұлан» республикалық мектептерінің базасында тағы екі әскери колледжді – Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі мен Қарағандыдағы Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледжді ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл аталған әскери колледждерге алғашқы қабылдау жүреді», - деді Мұрат Олжабаев.

Болашақ әскери кадрлар дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы, барлау және десанттық-шабуылдау бөлімшелерін басқару, зымыран әскерлері мен артиллериялық бөлімдерді басқару, киім-кешек және азық-түлікпен қамтамасыз ету сияқты мамандықтар бойынша дайындалады.