Автобустағы жолаушыларды апаттан құтқарған оқушы «Ел қорғаны» медалімен марапатталды
Алматы облысында автобустағы жолаушыларды апаттан құтқарған 8–сынып оқушысы Ақжол Герой «Ел қорғаны» медалімен марапатталды, деп хабарлады Elorda.info Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы, Ақжолдың ата-анасы және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Ақжолға батыл іс-әрекетінің арқасында жол-көлік оқиғасының алдын алғаны үшін ізгі тілектерін жеткізген.
«Сіздердің ұлдарыңыз сындарлы сәтте атына заты сай нағыз батыр екенін дәлелдеді», - делінген Ақжолдың ата-анасына жазылған алғыс хатта.
Естеріңізге саламыз, 22 қарашада Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі № 24 лицейдің 8 сынып оқушысы Ақжол Герой 219 бағдарлы автобусқа отырған болатын. Жолай жүргізушінің жүрек талмасы ұстайды. Мұны байқаған Ақжол жүргізуші кабинасына жүгіріп жетіп, тежегішті басып үлгереді. Соның арқасында автобус тұрғын үй қоршауына жарты метр ғана жер жетпей тоқтайды.
Өзі оқитын мектепте ержүрек оқушы ноутбукпен марапатталды. Сонымен қатар Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев оған алғыс хат пен соңғы үлгідегі iPhone 15 ұялы телефонын табыс етті.