Ауыл балалары туралы сериал түсіріліп жатыр
Бурабайдағы IQanat мектебінде оқитын ауыл балалары танымал «Каникулы OFF-line» франшизасының жұлдыздарына айналады, деп хабарлады Elorda.info.
Сериал IQanat республикалық олимпиадасында жеңіске жеткеннен кейін тағдыры өзгерген Айбол есімді оқушы жайлы болады. Сериал «IQanat OFF-Line» деп аталады. Сериалда кейіпкерлер қуаныш, қиындық, махаббат секілді түрлі сезімді бастан өткереді.
Оның режиссері – «Айман мен Шолпан», «Аңшы бала», «Көзіме қара», «Жаңғақ ағашы» туындыларымен танымал, Пусан кинофестивалінің бас жүлдесін алған Ерлан Нұрмұхамбетов.
Сериалдың бас продюсері - IQanat жобасының қамқоршысы Ернар Құрмашев. Телехикаяның премьерасы, отандық телеарналардың бірінде, осы жылдың қыркүйек айында көрсету жоспарланған.
Ауыл мен қала оқушылары арасындағы бастапқыда берілетін мүмкіндіктер тең емес екенін баршамыз білеміз. Көбінесе ауыл оқушыларын сәл демеп жіберіп, олардың бойына өздеріне сенім ұялату керек. IQanat - қазақстандық кәсіпкерлердің жобасы. Бұл еліміздің ауыл оқушыларына қолдау көрсету, оларға білім беруде жаңа мүмкіндіктерге жол ашу сияқты ортақ бір мұратқа біріккен ниеттестердің үлкен және берік елдік күші. Мен де олардың қатарына қосылып, сериал идеясын ұсындым. Себебі барынша көп ауыл балалары, олардың отбасылары осындай маңызды жоба туралы білуге тиіс, - деді сериалдың бас продюсері Ернар Құрмашев.
Айта кетейік, IQanat – әлеуметтік жоба. Бұл 150-ден аса қазақстандық кәсіпкердің ауыл балаларына қолдау көрсету мақсатында ашылған білім беру жобасы. Осы жоба арқылы ауыл балалары сапалы білім алып, еліміздің және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсе алады. Бүгінгі таңда жоба түлектері әлемнің 15 елінде білім алуда.