00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Атом энергетикасының еліміздің инвестициялық тартымдылығына әсері

26 қыркүйек, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Атом энергетикасының еліміздің инвестициялық тартымдылығына әсері
Фото: жасанды интеллект

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Самат Нұртаза АЭС-тің елімізге  инвесторлар тарту мәселесіне әсері туралы баяндады. Ол шетелдік инвесторлар үшін еліміздегі электр энергиясының қуаты өте маңызды екенін алға тартты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Еліміздің жер аумағы өте үлкен, әлемде 9-орын алатынымыз белгілі. Қазақстанның батысы мен солтүстігін, шығысын энергиямен қамтамасыз еткенімізбен оңтүстікте энергия тапшылығы мәселесін жоя алмай отырмыз. Оңтүстікте Қазақстан халқының елу пайызы өмір сүреді. Сол елу пайызына энергия тапшылығы жылдан жылға қатты сезіліп келеді. Бірқатар азаматтар неге жел, күн, су, газ және көмір арқылы өндірілетін дәстүрлі энергия көздерін жаңғыртпасқа деп пікір білдіреді. Біз өкінішке қарай газы емес мұнайы көп елміз. Газды керісінше өзге елдерден сатып аламыз. Көміріміз көп болғанмен, біз сияқты дамып, халқының саны артып келе жатқан ел үшін ол жеткілікті емес. Оның экологиялық кері әсері тағы бар, тіпті соңғы жылдары аппақ қардың не екенін ұмытып қалдық.

Сонымен қатар көп адамдарда Чернобыль апатына байланысты қорқыныш бар. Ондағы АЭС-тің моделі ескі түрі болатын. Ал Фукусимадағы жағдайда мұхит суы 13 қабат үйдің деңгейіндей биікке көтерілген. Бұл ретте бізде ондай мұхит сулары жоқ екенін білесіз. Елімізде өзендер тапшы, сондықтан гидростансаларды да дамыту қиын. Қазіргі қолданыстағы энергия көздері бүгін бар, ертең жоқ нәрсе, сол себепті бізге АЭС  қажет екені сөзсіз.      

 Сонымен қатар көптеген жеке инвесторлар жалпы Орталық Азияға келіп, өндіріс орындарын саламыз десе оған құшағымыз ашық, салатын жеріміз дайын болғанмен, жеме-жемге келгенде оларды ең бірінші керегі электр энергиясымен толық қамтамасыз ете алмай қаламыз да содан олар бізге келіп қаржы құйып, жоба бастауға беттемей қояды. Ал инвестор келмеген елдің әлемде беделі мен қауіпсіздігі күшті болмайды. Себебі бір елге инвестиция құйған компания өзінің қамы үшін болса да сол елдегі саяси, экономикалық жағдайдың тұрақты болуына мүдделілік танытады.

Қазір сондай-ақ АЭС-ті қай мемлекет салады деген сұрақ көпшілікті жиі мазалайды. Егер референдумда АЭС салу туралы оң шешім қабылданса, қазір үміткер болып тұрған төрт мемлекет – Қытай, Корея, Ресей және Франция елдерінің біреуін таңдайды немесе консорциум ретінде, яғни әр мемлекет стансаны бөліп салады, біреуі қорғанын, бірі реакторын, тағы бірі басқа да бөліктерін салады. Бұл менің жеке пікірім.

 Референдумда бәрі «иә» дегеннің өзінде АЭС бірден қазір салынайын деп жатқан жоқ, оған 10 жылдан астам уақыт кетеді. Болашақ ұрпағымыз энергия тапшылығын көрмей, біреуден сатып алуға мұқтаж болмай өмір сүруі үшін қазір дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Жеріміздің аумағы тым үлкен болғандықтан тіпті бізге болашақта бір АЭС-тің өзі аздық етеді. Түбінде ақылға жеңдірсек, елде бірнеше атом стансасын салу қажет болады. Жалпы дамушы ел ретінде біздің елімізде АЭС салу қажеттілігі артып келеді, тіпті оны салу уақытынан кешігіп те жатырмыз. Қазақстанда өмір сүретін 20 млн халықтың ішінде 12 млн адамның дауыс беруге құқығы бар. Сол азаматтар биыл 6 қазанда өтетін референдумда жалпы ұлт болып, бір дұрыс шешімге келеді деп сенемін.

 

 

Райхан Рахметова