Астана қалалық мәслихатының депутаттары елорда туризмінің «ішкі әлемімен» танысты

Депутаттар Astana Tourism туризмді дамыту орталығында көшпелі отырыс өткізіп, елордаға туристерді көбірек тарту жолдарын талқылады. Бұл - қаланың туристік келешегі туралы ашық әңгіме болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана мәслихатына сілтеме жасап.
«Туристік инфрақұрылымның қалай қалыптасып жатқанын, қызметтердің цифрландырылуы не үшін қала қонақтары мен тұрғындарының жайлылығын арттырудың басты кілті болып отырғанын және Астана туристерге қандай жаңа бағыттар ұсынатынын білдік.
Халықаралық аренада қаланың тартымды имиджі қалай қалыптасатынына да ерекше көңіл бөлдік. Өйткені қазіргі туризм - бұл жай ғана экскурсия емес, қонақжайлық пен инновация философиясы», - деді қалалық мәслихат депутаты, әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Асқар Смағұлов.
Бүгінде Астана ішкі және келу туризмі орталығы ретінде өз орнын нық айқындап келеді. Алда жаңа жобалар, серіктестіктер мен тың идеялар күтіп тұр.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар Astana Tourism командасының жоғары деңгейдегі жұмысын атап өтіп, елорда туралы «әркім өзіне қалағанын табатын және қайта оралғысы келетін қала» деген пікірдің қалыптасуы үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді.



