Елордалық көпбейінді қалалық аурухана 100 жылдығын атап өтті

Елордалық көпбейінді қалалық аурухана 100 жылдығын атап өтті
фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада №1 көпбейінді қалалық аурухананың 100 жылдығына орай «Медицинаның өзекті мәселелері – дәстүр мен инновация» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған іс-шараға медициналық қоғамдастықтың 350-ге жуық өкілі қатысты.

Конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде Президенттің кеңесшісі Алексей Цой алғашқы құттықтау сөз сөйлейді.

«Маған бұл аурухананың бүкіл жұмысы етене таныс. Мен мұнда қызмет ететін барлық медициналық қызметкерлерді білемін. Мұндай ауыр жүктемені кез келген ұжым абыроймен атқара бермеуі мүмкін. Кейде бір уақытта 40 жедел жәрдем көлігі ауыр халдегі науқастарды жеткізіп жатқанда, медицина қызметкерлері солардың бәріне көмек көрсетіп үлгеріп жатады. Бұл ғасыр жасаған аурухананың бай тәжірибесін көрсетеді, ұжым арасындағы берік бірлікті аңғартады. Сондықтан аты айтып тұрғандай, №1 қалалық аурухана бірінші болып қала береді деп ойлаймын. Бүгін 100 жылдығын атап өтіп отырған аурухана келесі 100 жылда елімізге ғана емес, шетелдерде де танымал болады деген сенімдемін», - деген осы аурухананың бұрынғы директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, Президенттің кеңесшісі.

Келесі сөз кезегін алған ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов медициналық мекеменің тарихы мен бүгінгі тынысына тоқталды.

«1925 жылы іргесін қалаған №1 көпбейінді қалалық аурухана - бүгінде елордадағы көшбасшы медициналық орталық. Заманауи технологиямен жабдықталған аурухана әр жыл сайын 25 мыңнан астам науқасқа стационарлық көмек көрсетеді. Сондай-ақ 150 мыңнан астам ел азаматына амбулаториялық көмек көрсетеді. Мекемеде 1200 медициналық қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде, 300 жоғары квалификациялы дәрігерлер: жоғарғы, бірінші санатты мамандар, медицина ғалымдары және медицина мамандығы бойынша философия кандидаттары мен докторлары бар.

Аурухана ұжымы елорда тұрғындарының денсаулығын қорғауда салмақты үлес қосып отыр. Соның ішінде, кардиология, нейрохирургия, травматология, онкология, жедел жәрдем көмегі бағыттарын сәтті дамытып жатыр.

Сондай-ақ №1 көпбейінді қалалық аурухана Целиноградтағы медициналық институт құрылғаннан бастап болашақ дәрігерлердің оқу-тәжірибелерін шыңдауда клиникалық база қызметін атқарып келеді. Солардың бірі мен осы ауруханада урология бойынша интернатурадан өткенмін.

Құрметті әріптестер, сіздердің кәсібилігіңіз бен өз ісіңізге деген адалдығыңыздың арқасында аурухана халықтың сеніміне ие болды, көптеген адамдардың өмірін құтқарып, мыңдаған адамға үміт сыйлады. Бүгінгі ұжымнан өз ісінің хас шеберлері мен жас мамандардың жарасымды бірлігін көреміз. Бұл - дәстүр мен инновация қабысатын орын. Мерейтой құтты болсын, келесі ғасыр жаңа жетістіктер мен жемістердің ғасыры болсын!» - деді вице-министр.    

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан №1 көпбейінді қалалық аурухананың 100 жылдығымен құттықтады.

«100 жыл бұрын Ақмоланың алғашқы стационары ретінде құрылған 40 төсектік аурухана шын мәнінде сан тарау тарихи жолдан өтті. 100 жыл - бұл жай ғана сан емес, бұл бірнеше ұрпақтың жүріп өткен өмір жолы. Осы шағын стационар жыл сайын мыңдаған науқастарға жоғары технологиялық көмек көрсететін заманауи клиникаға айналды. Бүгінгі таңда №1 көпбейінді қалалық аурухана - қуатты заманауи кешен. Мұнда күрделі операциялар жасалып, цифрлық технологиялар енгізіліп отыр. Ал биыл Кардиохирургия орталығының ашылуы өңірлік медицина үшін нағыз серпіліс болды. Орталық әлемдік үздік клиникалар деңгейінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл - жай ғана фактілер емес, бұл жанды оқиға. Оның негізінде адамдардың тағдыры, адалдық пен күнделікті тынымсыз еңбек жатыр», - деген Ерік Мейірхан Астана қаласы әкімі атынан аурухана ұжымына зор алғысын білдірді.

Өз кезегінде №1 көпбейінді қалалық аурухана директоры Ербол Сәрсенбаев та Астана қаласы әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне, сондай-ақ мекеменің серіктестері мен әріптестеріне, аурухана ұжымына басым жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткені, сенім артқаны және еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға тұрақты үлес қосқаны үшін шынайы алғысын білдірді.

Айта кетейік, конференция медицинаның негізгі бағыттары бойынша өзекті ғылыми деректерді баяндау мен емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауды мақсат тұтты.

Бағдарламадағы пленарлық отырыстар, баяндамалар, шеберлік сыныптары және пікірталастарда неврология, гематология, терапия және хирургия, анестезиология және реаниматология, денсаулық сақтауды ұйымдастыру сияқты негізгі тақырыптар тарқатылды.