Астана мен Алматы әлемдегі бензин бағасы ең арзан он қаланың қатарына кіреді

Осы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда 3,4 млн тонна мотор отыны (бензин, оның ішінде авиациялық) өндірілді – бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,4%-ға көп, деп хабарлады Elordainfo.kz EnergyProm-ға сілтеме жасап.
Ең көп бензин дәстүрлі түрде Шымкентте (1,3 млн тонна), сондай-ақ Атырау (1,1 млн тонна) және Павлодар (889,2 мың тонна) облыстарында өндірілді. Бұл өңірлерде еліміздің үш ірі мұнай өңдеу зауыты орналасқан. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс», Атырау мұнай өңдеу зауыты және Павлодар мұнай-химия зауыты. Бензин сондай-ақ Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарында да өндірілді, бірақ көлемі айтарлықтай көп емес.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша отандық компаниялар бензинге деген сұранысты (ішкі нарықтағы сатылым мен экспортты қоса алғанда) 99,98 пайыз көлемінде қамтамасыз етті, бұл былтырғымен бірдей көрсеткіш. Ал импорт көлемі нарыққа әсер етпейтіндей небәрі 642,3 тонна болды. Осы кезеңде экспортқа 119,4 мың тонна бензин жөнелтілді. Нәтижесінде елімізде 2,9 млн тонна бензин сатылды, бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3 пайызға артық.
Баға туралы айтсақ, 2025 жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша бензин құны бір айда 2,5 пайызға, ал бір жылда 8,3 пайызға өсті. Атап айтқанда, бір ай ішінде АИ-98 маркалы бензин 0,8 пайызға, АИ-95/АИ-96 – 1,4 пайызға, ал ең көп қолданылатын АИ-92 – 2,7 пайызға қымбаттады. Жылдық көрсеткіш бойынша АИ-98 бағасы 5,5 пайызға, АИ-95/АИ-96 – 6,5 пайызға, ал АИ-92 – 8,7 пайызға өскен.
Аймақтық бөліністе бір ай ішінде Қазақстанның барлық өңірлерінде бензин бағасының өсімі тіркелді. Ең жоғары баға өсімі Алматы облысында байқалды – 3,4 пайызға. Одан кейінгі орындарда Ұлытау және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр, әрқайсысында бензин 3,1 пайызға қымбаттаған. Баға өсуі ең аз Ақтөбе облысында байқалды – 1,4 пайыз, ал Павлодар облысындав 1,6 пайыз болды. Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Абай облыстарында бір ай ішінде баға 1,8 пайызға өсті. Жылдық динамикада бензин бағасының ең үлкен өсуі Ұлытау облысында – 10,4 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында 10,2 пайыз, Алматы облысында 9,4 пайыз байқалды. Ал ең төменгі өсу Түркістан облысында 6,4 пайыз, Қостанай облысында 7 пайыз, Ақтөбе облысында 7,3 пайыз болды. Нарықтағы орташа бағаларға келсек, тамыз айында АИ-92 маркалы бензиннің литрі 220 теңге болса, АИ-95/АИ-96 – 271 теңге, ал АИ-98 306 теңге болды. 2025 жылғы 14 қыркүйек жағдайы бойынша, findh.org мәліметіне сәйкес, Қазақстанда ең арзан АИ-92 бензинін Шымкенттегі Helios және Оралдағы GASENERGY жанармай құю станцияларынан литрі 211 теңгеден сатып алуға болады. Ең қымбат бұл бензин Астана қаласындағы Qazaq Oil және сондай-ақ Астана мен Алматыдағы GASENERGY жанармай құю станцияларында литрі 233 теңгеге сатылды.
АИ-95 маркалы бензин ең арзан Қызылордадағы Helios жанармай құю станцияларында болды – литрі 252 теңге, ал ең қымбаты Атыраудағы «НЕФТЭК» жанармай құю станцияларында. Ал АИ-98 бензинін ең арзан Атыраудағы Helios жанармай құю станцияларынан литрі 295 теңгеге алуға болады, ал ең қымбаты Алматыдағы Compass жанармай құю станцияларынанда литрі 350 теңге болды. Әлемдік статистика мәліметтермен салыстырсақ, Numbeo деректері бойынша, 2025 жылғы 14 қыркүйекте Қазақстан баға арзандығы бойынша 127 елдің ішінде 5-орынды иеленді. Елімізде литр бензиннің орташа бағасы 0,46 АҚШ доллары.
Қазақстанды баға арзандығы бойынша Ливия, Мысыр, Кувейт, Алжир ғана басып озды. Ең қымбат бензин Мьянма, Гонконг Исландияда тіркелді. ТМД елдері арасында Қазақстанда бензин ең арзан болып саналады. Рейтингте сондай-ақ басқа елдердің мәліметтері де бар: Әзербайжан литрі 0,67 АҚШ доллары, Ресей 0,72 АҚШ доллары, Беларусь 0,76 АҚШ доллары, Қырғызстан 0,82 АҚШ доллары, Өзбекстан 0,98 АҚШ доллары, Тәжікстан 1,11 АҚШ доллары, Армения 1,36 АҚШ доллары, Украина 1,38 АҚШ доллары, Молдова 1,44 АҚШ доллары. Қазақстан осы елдер арасында бензиннің ең арзан бағасына ие. Әлем қалаларының рейтингінде Астана мен Алматы қатысқан елдер арасында бензиннің ең арзан ондығына енді. Астанада литр бензиннің құны 0,46 АҚШ долларын, ал Алматыда 0,48 АҚШ долларын құрады. ТМД қалалары арасында бензиннің ең қымбат бағасы Кишиневте тіркелді литрі 1,44 АҚШ доллары. Ал әлем бойынша бензин ең қымбат қалалар Гонконг, Рейкьявик, Амстердам. Ең арзан қалалар Триполи, Алжир, Александрия, Каир сондай-ақ Эль-Кувейт.



