00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Astana Hub жобасы АҚШ -та ТОП-15 стартаптың қатарына енді

11 сәуір, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Astana Hub жобасы АҚШ -та ТОП-15 стартаптың қатарына енді
фото: astanahub.

Astana Hub резиденті - ғарыштық технологиялар саласында маманданған және табиғи апаттардың алдын алу, салдарын басқару шешімдерін әзірлейтін SpaceLab стартабы Калифорнияда ең үздік әрі болашағы зор жоба деп танылды, деп хабарлады Elorda.info.

Astana Hub хабарлауынша,  сондай-ақ SpaceLab F6s жаһандық қоғамдастығының нұсқасы бойынша Кремний алқабының астанасы Пало-Альто қаласында үздік бестіктің қатарына енді. ТОП-5-те қазақстандық стартаптан бөлек Үндістан мен АҚШ-тың ғарыш компаниялары бар: Pixxel Space Technologies Inc., Geosite, Array Labs және WindBorne Systems.

Үздік ғарыш стартаптары қатарына енгенімізді естігенде әзіл деп ойлағаным рас. Өйткені F6S – 2,5 миллионнан астам стартап пен құрылтайшы тіркелген әлемдегі жетекші желі. Бүгінде біз – Қазақстандағы ғарыш қызметі саласындағы бірқатар стартап пен жас компанияның біріміз. Бәсекеге қабілетті әрі қымбат индустриядағы стартап ретінде халықаралық кәсіби қауымдастықтан мұндай баға алу біз үшін аса маңызды, бұл одан әрі дамуға шабыт пен серпін береді, – деп атап өтті Spacelab компаниясы негізін қалаушылардың бірі, өнім және бизнесті дамыту жөніндегі директоры Дәурен Әубәкіров.

F6S – қаржыландыруға, акселерациялық бағдарламаларға, жұмыс орындарына, гранттарға және басқа да көптеген артықшылыққа қол жеткізуге мүмкіндік беретін әлемдегі ірі стартап алаңы. Платформада әлемнің сан алуан елдерінің мыңнан аса акселерациялық бағдарламасы мен қорлары ұсынылған. F6S-ты қолданатын 11 мыңнан астам стартап жалпы сомасы $3 миллиард құрайтын инвестиция тартқан.

2023 жылы Astana Hub резиденті болғаннан кейін Өте-Маңызды-Заттар-Интернеті тұжырымдамасын әзірлеуге кірістік. Мұнда мемлекет пен бизнес үшін маңызды нысандардағы қызметшілердің, компьютерлердің, датчиктер мен контроллерлердің байланысы қамтылған. Мысалы, су тасқынын болжау үшін қырдағы жауын-шашын мөлшерін және топырақтың ағымдағы жай күйін бақылау да бар. Біз елімізді еркін байланыс және стратегиялық ақпаратпен қамтамасыз етудегі ұмтылысымыздың шетелде еленгеніне өте қуаныштымыз. Бұл бізді жігерлендіреді, – деді Spacelab бас директоры Арман Бекембаев.

SpaceLab спутниктік желілерді қолдана отырып, деректермен алмасудың сенімді шешімін ұсынады. Олардың Satellite IoVIT (Internet-of-Very-Important-Things) жүйесі мамандар, қашықтағы компьютерлер, IoT құрылғылары және клиенттің орталық инфрақұрылымы арасында деректерді қабылдап, алмасуды қамтамасыз ететін аппараттық және бағдарламалық компоненттерін біріктіреді. Басты артықшылықтың бірі – әлемнің кез келген жерінен деректерді тасымалдауға мүмкіндік беретін жаһандық қамту. Сонымен қатар SpaceLab шешімі әртүрлі спутниктік желілермен икемді үйлеседі, бұл бизнес үшін таңдау еркіндігін ұсынады. Оның әртүрлі салалардағы процестерді оңтайландыру, елдің экономикалық дамуына әсер ету қабілеті нарық үшін өзекті саналады.

Бүгінде SpaceLab жобаны пилот ретінде енгізу үшін телекоммуникация, тау-кен өндіру және медициналық компаниялар сияқты қазақстандық ұйымдармен келісім жасап жатыр. Бұдан бөлек өнімге Африка елдері қызығушылық танытып, пилотты Эфиопияда жүзеге асыруға ниеттенді. Сонымен қатар ұжым Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығында жобаны масштабтау жұмыстарын жүргізуде.

2023 жылы SpaceLab Astana Hub және Draper University арасындағы серіктестік аясында Кремний алқабында Hero Training қарқынды акселерация бағдарламасын сәтті аяқтап, әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100 команданың үздік ондығына кірді. Сондай-ақ стартап ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қолдауымен Алматыда өткен Central Eurasian venture Forum аясында ұйымдастырылған Space Tech Battle-де «Үздік инновациялық жоба» атағына ие болды. QazInnovations-тен инновациялық грант, американдық Plug and Play акселераторынан «Бағдарлама серпіні» сыйлығын, сондай-ақ Кремний алқабындағы Silkroad Innovation Hub қолдауын алды.