Асхат Сапаров: Заманауи ауруханамыз 1 жылда 18 мың науқасты қабылдайтын болады
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада жаңадан бой көтерген Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен танысып, бірегей нысанның іске қосылуын отандық медицинаның зор жетістігі деп бағалаған еді. Elorda.info тілшісі Медицина қызметкерлері күні қарсаңында орталықтың Басқарма төрағасының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Асхат Сапаровпен мекеменің жұмыс барысы туралы сұхбаттасты.
-Асхат Ишанғалиұлы, бірегей орталықтың жұмыс ерекшелігіне тоқталсаңыз.
Жалпы, бұл орталықтың негізі 2011 жылы қаланды. Дегенмен бұрынғы мекемеміз тек қана медициналық авиациялық қызмет көрсететін, яғни өңірлерде қиын жағдайға тап болған науқастар әуе көлігімен республикалық клиникаларға әкелінетін. Ал биылдан бастап тасымалдау қызметімен қоса өзіміздің үлкен стационарлық ауруханамыз ашылғалы отыр. Жақында Президентіміз келіп, орталығымыздың жұмысымен танысты. Енді нысанның құрылысын салып, бүкіл медициналық құралдармен жабдықтап берген «Самұрық-Қазына» АҚ қорынан аурухананы қабылдап алып, жақында ашуды жоспарлап отырмыз.
- Орталық нақты қандай жағдайда көмек көрсететінін талдап айтып берсеңіз?
Мәселен, әлдебір аймақта ауыр жағдайға тап болған науқасқа әуелі сол өңірдегі медициналық мекемелерде алғашқы көмек көрсетіледі. Егер ол дәрігерлік нысан МРТ, КТ, УДЗ сияқты диагностикалық аппараттар, басқа да зертханалық бөлімшелер және қажетті мамандармен қамтылған болса, науқас сонда емделеді. Ал олай болмаған жағдайда біздің мекеме көмекке келеді. Мысалы, «Ахуал» деп аталатын орталығымызға хабарлама келіп түскен соң, ондағы мамандар қандай көмек көрсетілуі керек екенін талдайды. Бәлкім қалалар мен өңірлерге телемедициналық жәрдем қажет пе, мүмкін кеңесшілерді жіберу керек пе, әлде науқасты Алматы, Астана сияқты ірі орталықтарға әкелу қажет пе - осы мәселелер шешіледі.
Ұшақ әуежайға қонған соң дәрігерлерді жергілікті жедел жәрдем қызметі көмегімен ауруханаға жеткіземіз. Ота керек болса, сол жерде ота жасалады. Ал науқасты облыста немесе республикалық медициналық орталықтарда емдеу қажет болса, оны аурудың диагнозы бойынша емдейтін бағыты бар келісілген мекемеге тікұшақтар мен ұшақтар арқылы жеткіземіз.
Жалпы, барлық өте ауыр жағдайдағы, шұғыл көмек қажет ететін науқастарға, оның ішінде нәрестеден бастап қарттарға дейін көмек көрсетуге дайынбыз. Әрине, жоғарыда айтылған шарттармен қоса науқасты тасымалдауға бола ма екені де ескеріледі. Әлбетте ұшақ қонатын арнайы орынның болуы, ауа райы да әрдайым қаперде болатыны белгілі. Көп ауылдарда ұшақ қонатын жер жоқ, ондайда тікұшақтарды жібереміз.
-Ауруханада қандай медициналық бағыттар бар? Елімізде жоқ немесе өте зәру деген емдік шаралар жасала ма?
Қазақстанда күйік шалғандарды емдейтін арнайы орын жоқ. Өйткені көптеген мекемелерде нарықтық жағдайға байланысты бағасын ақтамайтын қызмет түрлері жабылып қалған. Қатты күйген адамдарды емдейтін республикалық деңгейдегі орындар жоқ. Аудандарда арнайы бағыт болмағандығынан, олардың шарасыз жатып қалатын кездері болады. Міне, сондай кезде шұғыл көмек көрсету үшін ауруханамызда күйікке шалдыққан науқастар емделетін кереуеттер қарастырылады.
Сонымен қатар, нейрохирургияның ішіндегі бас-ми ауруларын дереу емдеуді қажет ететін науқастарды қабылдайтын боламыз. Олар үшін де кереуеттер бөлінді. Өйткені түрлі апаттардан кейін есін жоғалтқан, дене мүшелері сынып, миы зардап шеккен адамдар облыста емделген соң, республика дейгейіндегі орталықтарға ауыстыратын орын болмай қалады. Ал Ұлттық нейрохирургиялық орталық науқастарды жоспарлы түрде ғана қабылдайтыны белгілі.
Бұған қоса жүрек-қан тамырлары ауруларының шұғыл түрлері болады. Мысалы, республикалық кардиохирургиялық орталық науқастарды жоспарлы түрде қабылдаса, бізде шұғыл көмекке мұқтаж адамдарға арналған бөлімшелер ашылады.
Еліміздегі тағы бір үлкен проблема – ана мен бала өлімі. Соның ішінде шұғыл жағдайдағы акушерлік көмекке көңіл бөліп отырмыз. Себебі денсаулығында ақауы бар кей аналарға ауылдық жерде, ауданда босануға болмайды, түрлі асқынулар мен ауыр жағдайлардың алдын алу үшін олар тек озық жабдықтары бар, заманауи орталықта ғана сәбиін дүниеге әкелуі тиіс. Сондай-ақ кейде әйелдің құрсағындағы баладан түрлі аурулар анықталады. Ал ондай аналардың баратын жерлері өте аз. Міне, біз осындай қиын жағдайдағы жүкті әйелдерді осы жерге әкелеміз. Олардың кейбірі босанғаннан кейін де күтімді қажет етеді. Бұл кезде де олар үшін біздің орталықтың есігі айқара ашық.
Бұдан басқа полижарақат алған адамдарға да емдік шаралар жасайтын мүмкіндік қарастырылған. Қазіргі кезде жол-көлік апаты көп, кейде қалалық ауруханалар түрлі дәрежедегі жарақат алған жандарды емдеп үлгермей жатады. Сондай кезде жарақаты ең ауыр науқастарды біздің орталыққа әкеліп, емдейміз.
-Жаңа нысанда мамандар, медициналық құрал-жабдық және әуе көліктері жеткілікті ме?
Орталық толықтай заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Дәрілік препараттардың жетіспеушілігі жоқ. Мамандар да жеткілікті. Орталықта 1 мың маман жұмыс істейтін болады. Аурухана 250 кереуеттік үлкен ғимарат. Мұнда 9 департамент, 29 бағыт бар. Егер бізде қандайда бір бағыт болмай қалса, Алматыдағы көз, жүрек, балалар аурулары т.б. институттарға жеткізетін боламыз.
Ал медициналық авиациялық қызметке келетін болсақ, өз мекемемізде тіркелген ұшақ немесе тікұшақ жоқ. Біз әуе көліктерін белгілі бір мекемелермен шарт жасасып, жалға аламыз. Мәселен, ТЖМ жанындағы «Қазавиақұтқару» әуе компаниясымен және қалған облыстардағы 13 жекеменшік мекемелермен келісімшартқа отырамыз.
Жалпы, барлық өңірде, яғни 3 үлкен қала мен 17 облыста біздің медициналық авиациялық жұмыстарды үйлестірушілеріміз бар. Бірнеше реанимобиль берілді. Ірі қалаларға үлкен ұшақтар шығарылады, оның ішіне дәрігерлер бригадасы оп-оңай сыйып кетеді. Ал тікұшақтар шағын ауылдарға ұшырылады. Тікұшақтың ішінде көмек көрсететін құрылғылардың барлығы бар - монитор, вентиляция, система, пациентті жылыту құрылғысы, дәрі-дәрмектер т.б.
Алдын ала есептеулерге қарағанда, аурухана толық қуатына енгенде жылына 18 мыңдай науқасты қабылдайтын болады.
Айта кетерлігі, жаңа ауруханада Астананың Нұра ауданы мен Қосшының жедел көмекті қажет ететін тұрғындарын да қабылдаймыз. Олар бізге жедел жәрдем көлігімен жеткізілмек.
-Сұхбатыңызға үлкен рақмет! Алдағы келе жатқан кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын! Осы орайда әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз...
Әріптестерімді төл мерекемізбен құттықтағым келеді. Маңызды қызметімізде адал жетістікке жетуді нәсіп етсін!