Арнайы операциялар күштерінің 26 әскери қызметшісі күрең қызыл берет иеленді

Бүгін, 12:57
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views58
Арнайы операциялар күштерінің 26 әскери қызметшісі күрең қызыл берет иеленді
Фото: Қорғаныс министрлігінен

Шымкент гарнизонындағы «Орда» полигонында Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштері арасында жыл сайынғы біліктілік сынақтары өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Нәтижесінде 26 әскери қызметші күрең қызыл берет кию құрметіне ие болды. Бұл ерлік пен кәсіби шеберліктің символы саналады.

Сынаққа қатысу үшін үміткерлер алдын ала іріктеуден өтеді. Олардың дене дайындығы, моральдық-психологиялық тұрақтылығы және жауынгерлік қабілеті мұқият бағаланады. Сынақтың өзіне тек үздік жауынгерлер ғана жіберіледі.

Біліктілік екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылардың күш-қуат дайындығы, теориялық білімі және әртүрлі әскери бағыттар бойынша, оның ішінде тау, атыс, медициналық, парашюттік және инженерлік дайындықтар, сондай-ақ әскери топография мен мина-жарылыс ісі дағдылары тексерілді.

Екінші кезеңде жауынгерлер 30 шақырымдық марш жасады. Жол бойында олар табиғи және тактикалық кедергілерден өтіп, жаралыларды эвакуациялау, жасырын жүру, оқ-дәрі жеткізу және атыс жаттығуларын орындады. Қорытынды кезең қоян-қолтық ұрыстағы жекпе-жек болды.

Сынаққа қатысқан 72 үміткердің ішінен тек 26 жауынгер ғана барлық тапсырмаларды сәтті орындап, Арнайы операциялар күштері элитасының қатарына қосылды.